Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАР «ӘЙГЕРІМДІ» ТАМАШАЛАДЫ

ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАР «ӘЙГЕРІМДІ» ТАМАШАЛАДЫҚызылорда қаласындағы «Жібек жолы» кинотеатрында Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығы мен «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Әйгерім» көркем фильмінің тұсаукесері өтті. Тұсаукесерді Қызылорда облысы әкімі аппараттының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Уәлихан Ибраев пен режиссер Еркін Рақышев сөз сөйлеп, ашып берді.
Көркем фильм Қазақстан халқы Ассамблеясының тапсырысы бойынша 1 наурыз – «Елімізде тұратын басқа этнос өкілдерінің қазақ халқына алғыс айту күні» қарсаңында түсірілген. Фильм жастай көзі көрмей зағип болып қалған Әйгерім деген қыздың ауыр тағдырына құрылған. Әйгерім есейген шағында тігінші болып, жұмысқа орналасады. Бірде қоларбаға таңылған жарымжан Ерлан есімді жігітпен танысды. Екі жастың сырласуының арты сүйіспеншілікке алып келеді. Ерланның есіне кішкентай кезінде байқамай бір қыздың көзіне химиялық қышқыл затты төгіп алғаны түседі. Ол қыз Әйгерім болатын. Бірде Қытайдан Лу деген дәрігер жаңа препарат ойлап тапқанын, оның Әйгерімге көмегі тиіп қалуы мүмкін екенін айтады. Лу интернеттен ашаршылық пен қуғын-сүргіннен босып қашқан жүз-мыңдаған қазақтарға қытайлықтар қамқор болып, бір үзім нанды бөліп жегенін біледі. Операцияға дайындық кезінде Лу Ерланның жарымжан болғанына қарамай, ақшасын Әйгерімге бергеніне толқып, операцияны тегін жасайтынын айтады. Операция сәтті өтіп, Әйгерімнің көзі көре бастайды. Фильмнің негізгі мақсаты – Қытай халқының қазақ ұлтына жасаған жақсылығына рахмет айту, сонымен қатар, мейірілімділік пен қайрылымдылықты насихаттай отырып, жас ұрпақты жарымжан-мүгедек жандарға, мұқтаж адамдарға көмек көрсетуге баулу. 
Фильмде зағип жандардың қоғамның тең мүшесі ретінде еңбек етуі, өмірден түңілмеуі және қайырымды жандардың қол ұшын беруге дайын болуы жақсы ашылған. Қоғамда жастар арасында кездесетін әлсіздерге, кемтар жандарға күш көрсету, зорлық жасау, үлкенді сыйламау сияқты келеңсіз құбылыстар және олармен күрес бүркеусіз ашық көрсетілген. 
Суицид мәселесі де қозғалған, қандай қиын жағдайға тап болсаң да ең бастысы жақсылықтың болатынына сену, орны толмас қайғыға жеткізетін қайғыға бармау қажет екендігі сәтті бейнеленген. 
Ашаршылық жылдарында туған жерінен Қытайға ауған қазақтардың ауыр халін бейнелейтін «Ашаршылық» фильмінен үзінді көрсету, Қытай дәрігерінің қазақ қызына тегін ота жасауды орынды ойластырылған. 
Фильмде ұлттық мәдениетті насихаттауға лайықты көңіл бөлінген, қазақ халқының аспапты музыкасы, дәстүрлі әндері мен айтыс өнері қазіргі жастар ұнататын эстрадалық әуенмен астасып жатыр. 
Жалпы «Әйгерім» фильмінің тәрбиелік мазмұнын қызылордалықтар жылы қабылдап, жоғары бағалады.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: