Облыстық ішкі саясат және облыстық білім басқармаларының, «Жас ұлан» ұйымының қолдауымен ұландардың шығармашылық қабілеттерін арттыру мақсатында «Бала би» шешендік өнер сайысы ұйымдастырылды, деп хабарлайды ұйымның төрайымы Г.Ақмырзаева.
Биыл үшінші рет ұйымдастырылған шара қазақ батыры Бауыржан Момышұлына арналды. Облыстық жарысқа Қызылорда қаласы мен аудандардан 30 адам қатысып, жалпы шараға 250 жас ұлан мен тәлімгерлер атсалысты. Сайыста батырдың «Ұшқан ұя» шығармасын Сыр ұландары аса қызығушылықпен оқып зерттеді. Қатысушылар «Ұшқынсыз от тұтанбас», «Қанатты сөздер – қазығым», «Баукеңнің телегей теңіз тағылымы», «Ерлік – тәрбие жемісі» ,«Тұлғасы тұнған тәлім» кезеңдері бойынша сынға түсті.
«Бала би» шешендік өнер сайысының қорытындысы бойынша аралдық ұландар І орын иеленіп «Бала би» аталымымен, қазалылық ұландар ІІ орын иеленіп «Сыр сүлейлері» аталымымен, Сырдария ұландары ІІІ орын иеленіп «Зияткер ұрпақ» аталымы бойынша марапатталды.