Facebook VK WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

КЕРЕГЕМ – КЕШЕДЕН, БЕРЕКЕМ – БҮГІННЕН


Биыл ел жүрегі Астананың – 20, Сырдың бас шаһары –Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойлары қатар келді.
Қызылордалықтарды 200 жылдық мерейтоймен Мемлекет басшысы құттықтап, хат жолдады.
Сүйікті қаламыздың 200 жылдығы қарсаңында қала көшелері кеңейіп, жарық­тандырылып, сымбаты артқан гүлзар­лармен көмкерілді. Ұлттық на­қышпен әдіптелген оюлар, тіпті, ғажап. Әсіресе, әр жерге қойылған бағзы за­мандардың бейнесін елестететін ес­керткіштер өткен күндерден сыр шер­тіп тұрғандай. Иә, бұл – біздің Қы­зылорда. Жаңарған, жасарған, ерекше кейіппен жасанған. Қала мерекесі Тасбөгеттің 70 жылдығынан бастау алып, кент тұрғындары думанды дү­бірдің куәсі болды. Мерейтой аясында әдеби-мәдени, спорттық шаралар мен түрлі фес­тивальдар өткізілді. Жырсүйер қауым үшін ақындар айтысы ұйымдастырылды. Халық құмар­та тамашалайтын ат бәйгесі мен түйе палуандар күресі де көптің деле­бесін қоздырды. Аудандар тарту жасап, қала тұрғындары үшін ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдас­ты­рылды. Қызылорданың мерей­тойы­на орай түрлі бағытта 40-қа жуық мәдени шара өткізілді.
Осындай ауқымды іс-шаралардан біз­дің мектебіміз де тыс қалмады. Мек­те­біміз мерекелік безендіріліп, сы­ныптар­да тәрбие сағаттары өткізілді. Дене шы­нықтыру пән бірлестігі «Жаса, жайна, Қызылорда!» атты спорттық сайыс ұйым­дастырды. «Тіл – татулық тірегі» деген атпен тіл мамандарының слеті өткізілді. Мерекеге бастауыш сыныптар арасында сурет көрмесі, оқушылардың өлең-жыр сайысы мен мектеп сахнасындағы концерт көрік бере түсті. «Туған қалама – ағаш сыйла» акциясы жасалды. Бастауыш сынып оқушыларын қала тарихымен таныстыру мақсатында мұражайларға, рә­міздер алаңына саяхат жасады. Мұн­­дай шаралар қала мектептерінің бар­лы­ғында да ұйымдастырылып жатты.
Осылайша, туған қаламыздың тойы халықтың рухын көтеріп, өткенімізге тағ­зым еткізіп, жеткенімізге шаттан­дыр­­ды. Бұл тойдың ұрпаққа үлгі етер­лік ұлағатты, ізгілікті іс болғаны анық.

Айжан ҚАЮПОВА,
№197 Ә.Құдабаев атындағы
мектеп мұғалімі.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: