"Ұяттан өртендім": Димаштың көмекшісі Нью-Йорктегі кештен алған әсерімен бөлісті (фото)
Димаш Құдайбергеннің Нью-Йоркте болған жеке ән кеші аншлагпен өтті. Тіпті залда ине шаншар орын болмаған. Осы орайда өнерпаздың көмекшісі концерттен алған әсерімен бөлісті. Айтуынша, ол ұлттық құндылықтарды бағаламайтын қазақтар үшін ұялған деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Димаш Құдайбергеннің көмекшісі Назым Жанғази өзінің эмоциясын Instagram желісіндегі жеке парақшасы арқылы білдірген.
Назым жазбасын концерттен кейінгі таңда мүлдем басқа адам болып ояндым деп бастаған.
Әншінің көмекшісі қазақ халқының қызы болғаны үшін өзін мақтаныш сезімі кернегенін, бұған дейін тек мақтан еткенін айтты.
"Бірақ та, осы сезіммен әлемнің ең алып, ең керемет қалаларының бірінде бола отырып, бүгін өз елімді қатты сағындым.
Шынымды айтсам, осыған дейін жер көлемі бойынша 9-шы орындағы, жер асты пайдалы қазбаларға өте бай, тарихы да, тағылымы да мол болса да менің осындай елімді ешкім білмейтіндігі үшін мен де азырақ болса да комплекс болды.
Қазақтардың өскелең ұрпағы халық әндерін білмей, тыңдамайтынымызға ұялатынмын. Өйткені олар кімге керек еді?
Бірақ өткен кеште біз, қазақтар өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды қаншалықты бағаламайтынымызды түсіндім. Америкада 15 мыңнан астам адам Димашпен бірге біздің халық әніміз Дайдидауды айтқан сәтте мен жоғарыда жазылғандар үшін ұяттан өртеніп, жыладым", - деді Назым Жанғази.
Назымның сөзінше, Димаш қазақтың халық әндерін әлем жұрты болып жатқа айтуды бала күнінен армандаған.
Еске сала кетсек, 10 желтоқсанда Нью-Йорктің "Барклайс центр" аренасында әлемді мойындатқан Димаш Құдайбергеннің алғашқы жеке концерті өтті. Әншінің дауысын есту үшін әлемнің 54 елінен тыңдарман келген.