А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде мүмкіндігішектеулі жасөспірімдер мен жастардың VІІІ облыстық «Жүрек жылуы» өнер фестивалінің марапаттау рәсімі мен гала-концерті өтті.Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев байқаудың жеңімпаздары мен қатысушыларын құттықтады.
«Елбасы өзінің дәстүрлі Жолдауында «Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуы тиіс» деп атап көрсеткені белгілі. Ерекше жандардың рухани дамуына, олардың бойындағы қабілетін, өнерін ел алдына шығару мақсатында өңірде жыл сайын «Жүрек жылуы» өнер фестивалі дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Біз бұл ретте қайсар ақын Зейнолла Шүкіровті, өмірге құштар ақын Нұрмұхаммед Әбілқасымовты мүмкіндігі шектелсе де, рухы сынбаған жандар деп үлгі етеміз. Қиындыққа қайыспай, кедергіге мойымай, алға ұмтыла білетін азаматтарымыз аман болсын!»-деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі ерекше талант иелері - Шиелі ауданының шебері Дильфруз Хамитқызы мен отбасылық жұп Қали Дәуренбек, Айгерім Оразбаеваға 150 мыңның сертификаттарын табыстады.
Айта кетейік, «Жүрек жылуы» облыстық өнер фестивалі мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында жыл сайын ұйымдастырылады. Биыл фестивальде 196 адам 7 жанр бойынша қатысуда, олар - ән, би, көркемсурет, қол өнері, көркемсөз оқу, халықтық орындау, аспапта ойнау жанрлары. Әр жанр бойынша жеңімпаздар анықталып, оларға құнды сыйлықтар табысталды.
Еске салайық, Қызылордада тамыз айында мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлер арасында «Өзіңе сене баста» атты көрме-байқауы өтіп, жеңімпаздар және қатысушылар қаржылай сертификаттар мен ынталандыру сыйлықтарына ие болған еді.
Атап өтейік, қазіргі таңда облыста мүмкіндігі шектеулі 29353 адам тіркелген. Оның ішінде I топтағы мүгедектердің саны – 2827, II топтағы – 11145, III топтағы – 10526 болса, ал 18 жасқа дейінгі балалардың саны – 4855-ті құрайды.
2013 жылы Қызылорда облысы республика бойынша бірінші болып мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғау және өмірлерін жақсарту мақсатында Жол картасын әзірлеп, қабылдаған болатын. Ағымдағы жылы жеке оңалту бағдарламасын іске асыру үшін облыстық бюджеттен 680 млн. теңге бөлінді. 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында жұмыспен қамту орталығы арқылы 376 мүмкіндігі шектеулі адамды жалпы жұмыс орындарымен, оның ішінде 148 мүгедек жанды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. 1275 адам шипажайларға емделуге жолдама алса, 1569 жанға облыс тарапынан әлеуметтік-медициналық мекемелерде мамандар қызмет көрсетті.
2012 жылдан бастап өңірімізде «Инватакси» қызметі ұйымдастырылған. Бастапқыда инватакси тек 2 болса, бүгінгі күні олардың саны 18-ге жетті. Арбадағы азаматтарды тасымалдауға арналған аппарелі бар арнайы баспалдақпен жабдықталған 112 автобус қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлікпен айналысуды қалаған мүмкіндігі шектеулі сырбойылықтар әр салада өз істерін кедергісіз бастау үшін жан-жақты көмек ала алады.