Аудандық мұражайдың төрінде төрт домбыра ілулі тұр. Мән бере қараған жан олардың бір-бірінен айтарлықтай айырмашылығы бар екенін аңғарады. Ұлттық аспаптың пішіні, құрылысы, ағаш сүйегі әрқилы болуы да ерекше қызығушылықты оятады. Көненің көзін көрген жақұттың ішке бүккен сырын ашуға бел байладық.
Аудандағы ең көне домбыралар туралы білу үшін музей директоры Нәбихан Шалаповтан көне домбыраның тарих жайында сұрадық. Оның әңгімесінен домбыралар қай жылы, кім жасағаны туралы тың ақпаратқа қанықтық.
«Көрмедегі төрт домбыра жаңақорғанның түрлі дәуірін көрген, тарихи жәдігер» – деп бастады әңгімесін ол.
Біріншісі, Сыр елінің дүлдүлі, жыраулық өнердің жамбозы Құтбай Дүрбаевтың қолының ізі қалған домбыра. Бұл ұлттық аспап 1969 жылы халық ақындары арасында өткен Республикалық бірінші слетінде бас жүлдегер болғаны үшін сыйға тартылған. Сол уақыттан бері ақын жерлесіміздің қолынан түспей, талай өңірде ән қалықтатыпты. Екіншісі, Нартайдың жыраулық мектебінде шыңдалып, қоңыр даусымен ел есінде қалған Әбу Жүсіп Баймұратовтың өзі қолдан қашап жасаған домбырасы. Музыкалық аспаптың мойны ұзын, шанағы кең. Бет жақтауы қолмен шегелеген. Ойығы ромбик тәрізді ойылған. Үні ұяң, дыбысы қатқыл. Нағыз жыр айтуға, мұң мен шер тарқатуға арналғандай. Үшіншісі, қазақтың балақайы. Мүшел жасқа дейінгі жасөреннің өнерін шыңдауға, алғашқы тартыс пен қағысты үйретуге арналған кішкентай домбыра. Дауысы шіңкілдек. Төртіншісі, көне домбыра. Домбыра құрылысы ожау іспетті. Мойыны қайқы, шанағы үш бұрышты. Ойығы дөңгелек. Көлемі шағын. Темір шегесі жоқ, ағаш қатырмалар пайдаланылған. Екі жақтамасында бізге түсініксіз шақпақты жазуы бар. Қолмен қашап жазылған көне жазу нені білдіреді? Киелі аспап кімге тиесілі екен? Осы секілді сұрақтар ойға оралды.
Біздің назарымызды өзіне аударған көне домбыраны Әбсұлтан Байкенжеев 1997 жылы мұражайға өткізіпті. Мәдениет саласының майталманынан көне домбыра жайында сұрау салдық. Бұл домбыра біршама жыл Бексұлтан Байкенжеевтің қарашаңырағында ілулі тұрыпты. Әбсұлтан аға балалық шағын еске ала отырып, біраз құпияның шетін тарқатты. Мектеп қабырғасында алғаш ән салып жүрген шағында әкесі баласының талабын қолдап, көбінесе домбыраны қолдан жасап береді екен. Бір күні Ә.Ноғайбаевтың іргелес көршісінің үйінде тойға барыпты. Той иесінің көп баласы болыпты. Елдің назарын өзіне қаратып, ән салып тұрған Бексұлтан бір баланың қолындағы домбыраға көзі түсіпті. Домбыраның қадіріне жетпеген ойын баласы ұлттық аспапты бұтының арасына қысып алып, ат қылып ойнап жүріпті. Жас баланы оңаша шақырып алып, қалтасындағы тәттісін беріп, әлгі домбыраны қолына түсіріпті. Жолай келе жатып, «ұлыма шақтап бала домбырасын жасап бер» деп сунақаталық ағаш ұстасына беріп кетеді.
Арада бір жыл өткен кезде ұста қайтыс болып, домбыра жөндеуі аяқсыз қалып қояды. Осы кезде Бексұлтан баласының көңілі үшін домбыраны өз қолымен жақтауларын, пернелерін, құлақтарын жасайды. Көнеден қалған жазуларын еш өзгертпей табиғи тазалығын сақтап, көмескіленген өрнегін жаңартып, қолмен күйдіріп басып шығады.
Бексұлтандай өнер майталманының қызығушылығын оятқан қасиетті аспаптың ашылмаған сыры көп. Жазу мен өрнегін зерттеу тарихшылардың еншісіне қалдырдық. Бір қарағанда пошымы «Қыз Жібек» фильміндегі Шегенің домбырасының пішініне ұқсайды. Жалпы осы іспетті домбыраны халық арасында «Абай домбырасы» деп атайды. Бір айта кететіні тура осыған ұқсайтын домбыра өткен жылы Моңғолия жеріндегі үңгірден табылды. «Жұпар күй әуені бізді сүйісіндірді» деген руна тіліндегі сөзді зерттеген ғалымдар оны б.з. V-VI ғасырларда жасалған деп дәлелдеген еді. Бізге құпиямды тап дегендей қасқайып тұрған жәдігерді елдің назарына салып қоюды жөн көрдік. Оны зерттеп, зерделеу маңызды іс. Соңы назарға ұсынғымыз келді.