Облыс әкімі халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми конкурс жүлдегерлерімен кездесті. Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба конкурс жүлдегерлерімен кездесті.
Аймақ басшысы Елбасы бастамалары мен Президенттің білімпаз жастарды ұдайы қолдауының нәтижесінде жастарға арналған түрлі бағдарламалардың қабылданып, зияткер ұрпақтың білім кеңістігіне жол ашуына ерекше мүмкіндік жасалғанын атап өтті. Сондай-ақ, әлемдік деңгейдегі білім мен ғылым додаларында бақ сынап, ел абыройын асқақ етіп жүрген өрелі өрендердің әрбірін жеңісімен құттықтап, ақжолтай тілегін арнады.
- Ата-бабамыз «Өсер елді білімді ұрпағынан танисың» деп бекер айтпаған. Сендер болашақта еліміздің өсіп-өркендеуіне қызмет ететін, ата-аналарыңның үкілі үмітін ақтап, туған еліміздің асқақ рухын сақтайтын азаматсыңдар!
Біздің туған өлкеміз - Сыр бойы қай кезде де ұлы тұлғаларға кенде болмаған. Атақты жерлесіміз, академик Шахмардан Есенов 34 жасында Геология министрі болса, Асқар Жұмаділдаев 32 жасында физика-математика ғылымдарының докторы атанған. Ел мүддесі жолында адал еңбек еткен қазақ азаматтарының тізімін осылай жалғастыра беруге болады.
Біздің жас ұрпақтың бойында білімге, ғылымға деген зор қызығушылық бар. Алдағы уақытта біздің елімізден де талай талантты азаматтардың шығатынына сенім мол. Олардың қатарында Өздерің де барсыңдар. Болашақтарың баянды, өмірлерің жарқын болсын,-деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Биыл облыста 8 оқушы халықаралық олимпиаданың жүлдегері атанып, 38 бала республикалық олимпиада мен ғылыми жарыстарда үздіктер қатарынан көрінді. Ал, «Бастау» республикалық олимпиадасында облыс командасы ІІІ орынды иеленді. Мұнан бөлек, ауыл балаларына арналған «Мың бала» Ұлттық Зияткерлік олимпиадасында 99 оқушы жеңімпаз атанып, мамандандырылған мектептерге қабылдануда. Сондай-ақ, IQanat Олимпиадасында үздік нәтиже көрсеткен 26 оқушы Қапшағайдағы демалыс орталығында тынығып қайтты. 4 оқушы қазіргі кезде Бурабайда орналасқан «Iqanat High shool of Burabai» мектебінде білім алуда.
Өңірде «Елбасы медалі» жобасына облыстан 351 оқушы қатысып, 247 бала қола медаль иегері атанды. Ал, 54 оқушы күміс медальге, 49 оқушы алтын медальді иелену үшін бақ сынамақ.
Салтанатты жиында дарынды оқушылар облыс әкімімен еркін форматта пікірлесіп, көкейде жүрген сауалдарын ортаға салды. Озат оқушылардың ойларын тыңдаған аймақ басшысы дарынды оқушыларға арнайы «Сыр Дарыны» медалін табыстады. Сонымен бірге оқушылар мен студенттер арасында өткен дебаттық турнир жеңімпазы №3 ІТ мектеп-лицейдің бітіруші түлегі, Алтын белгі иегері Арайлым Жақсылыққа Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің гранты бұйырды.
Жиында республикалық олимпиада қорытындысымен «Үздік 100 мектеп» жобасының жеңімпаздары да марапатталды.
Кездесу соңында Сыр дарындылары атынан мектеп оқушылары Нұрайым Пакуаддинова мен Бағдаулет Жарылқасын сөз алып, жүрекжарды тілегін арнады. Мұнан кейін білімпаз жастар мотивацияға толы «Бір үйдің баласындай» әнін шырқады.
Басқосу соңында Гүлшара Әбдіқалықова Сыр өрендерінің халықаралық, республикалық білім додадарындағы жеңісі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнайы тарту болғанын атап өтіп, дарындыларға сенім білдірді.