Шиелідегі үрлемелі су тоспасының құрылысы басталды
Шиелі, Жаңақорған аудандарының шаруалары биыл судан тапшылық көрмейді. Осы алқаптарда орналасқан егісті сумен қамтамасыз ету мақсатында Сырдария өзенінде үрлемелі су тоспасының құрылысы басталды. Бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігі, Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев пен аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев Шиелі ауданындағы үрлемелі су тоспасының құрылыс жұмыстарымен танысты.
«Жобаның жалпы құны 1 млрд 400 млн теңгені құрайды. Жаңадан салынып жатқан үрлемелі су тоспасы арқылы ауданда 27 мың гектар жер суландырылады, диқандар қажетті дақылдарын орналастырып, межелеген өнімін ала алады. Бұл жобаны тез арада іске асырудағы басты мақсат Тоқтағұл су қоймасындағы су көлемі аз. Яғни, тамыз айының ішінде көптеген егістікке су аяғы жетпей диқандар қиындыққа тап болады. Елбасының тапсырмасына сәйкес қазіргі қиын-қыстау кезде егістікті сусыз қалдырмау мақсатында берілген жұмыстарды атқарып жатырмыз», - деді И.Әбішев.
Тоқтағұл су қоймасындағы судың көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге азайғанын ескерсек, бұл жоба ауданның егіс алқаптарын су тапшылығынан алып шығатын бірден бір жол. Суару маусымы басталғанға дейін нысан құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Ол үшін 100-ден астам техника жұмылдырылып, еліміздің түкпір-түкпірінен білікті мамандар тартылған.
Шиелі ауданында 27 мың гектар егіс алқабы бар. Егістік жерлердің биікке орналасуынан жаз айларында көптеген егістікке су аяғы жетпей диқандар қиындыққа тап болады. Ауыл тұрғындары аудандағы егіндік судың тапшылығы шешілетіндігіне дән риза. Егер су тоспасы іске қосылса, тағы да егіс көлемін ұлғайту жоспарларында бар. И.Әбішев жаңа технология құрылысты 3 ай мерзімде бітіруге мүмкіндік береді дейді.
Айта кетейік, дәл осындай үрлемелі су тоспасы өткен жылы Жаңақорған ауданында да іске қосылған болатын. Су тоспасы толық қуаттылығында жұмыс істеген кезде 1,5 млрд текше метр су үнемдеуге болады. Екі су тоспасы Жаңақорған мен Шиелідегі 60 мың гектарға жуық егіс алқабын толық сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.