Facebook WhatsApp Instagram

Саясат

0

ҚЫЗЫЛОРДАДА МАГИСТРАЛДЫ ЖЫЛУ ЖЕЛІЛЕРІНІҢ 60 ПАЙЫЗЫ ЖАҢАРТЫЛҒАН

ҚЫЗЫЛОРДАДА МАГИСТРАЛДЫ ЖЫЛУ ЖЕЛІЛЕРІНІҢ 60 ПАЙЫЗЫ ЖАҢАРТЫЛҒАН

 

Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек 
Нәлібаев алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын пысықтау және «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жылу желілеріне жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту жұмыстарымен танысу мақсатында бірқатар нысандарды аралады.
Қала әкімінің 2016 жылғы 16 мамырдағы №1457/ө өкіміне сәйкес жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын үйлестіруші қалалық штаб құрылған болатын. Бүгінгі таңда, дайындық жұмыстары өз дәрежесінде жүргізілуде. 
Нақтырақ айтқанда, «Нұрлы-Жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша биылғы жылы ұлттық қордан бөлінген 997 млн. 178 мың теңгеге 7 жоба бойынша ұзындығы 13 шақырымды құрайтын магистралды және кварталаралық жылу желілеріне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінгі күнге, жылу құбырларының монтаж жұмыстары 90 пайызы немесе 12 шақырымы аяқталған.
Сонымен қатар, жергілікті энергия көзі «Қызылордажылуэлектрорталығы» кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасы аясында өз қаржысы есебінен 284 млн. 411 мың теңгеге станцияның негізгі және қосалқы қондырғылар, сауыттар мен жоғарғы қысымды құбырларын жөндеу жұмыстары 96 пайызғы орындалып отыр.
Аралау барысында қала әкімі тиісті мекеме басшылары мен мердігер мекемелерге және осы салаға жауапты орынбасарларына барлық жұмысты мерзімінде аяқтауды және жылу беру маусымында ешқандай кемшіліктерге жол бермеуді қатаң тапсырды.
- «Жалпы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын ұйымдастыруда өткен жылы жылуға қатысты тұрғындардан түскен арыз-шағымдарға жүргізілген талдау бойынша, мәселе туындау қаупі бар көпқабатты тұрғын үйлердің өжірелеріндегі тозығы жеткен инженерлік жүйелердегі кемшіліктерді шұғыл жою керек. 
Жыл сайын кәсіпкерлердің демеушілігімен немесе басқа да бюджеттен тыс көздерден осындай тұрғын үйлердің өжірелерін жөндеп беріп жатамыз.
Алайда, ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 35 бабының 2 тармағына сәйкес, «үй-жайлардың (пәтерлердiң) иелерi ортақ мүлiк пен үйдi ұстауға жұмсалатын барлық шығыстарға қатысуға мiндеттi, ортақ мүлiктiң және дара (бөлек) меншiктегi үй-жайлардың сақталуы мен қауiпсiз пайдаланылуына жауапты болады» делінген. 
Сондықтан, пәтер иелері кооперативтері аталған мәселе бойынша кондоминиум нысандарының иелерімен бірлесіп өжіредегі инженерлік жүйелерді ауыстыруға қажетті қаражатты есептеп, тұрғындарға кеңінен түсіндірсін» - деді қала әкімі.
Естеріңізге сала кетейік, Қызылорда қаласында былтыр да «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен бөлінген 3 млрд. 039 млн. 900 мың теңгеге 14 жоба бойынша ұзындығы 22 шақырымды құрайтын магистралды және кварталаралық жылу желілеріне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген болатын.
Осындай жұмыстардың нәтижесінде, соңғы 3 жылда қаладағы магистралды жылу желілерінің 60 пайызы жаңартылған.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: