Бүгін, 25 қараша күні Арал ауданында Қызылорда облысы әкімдігінің көшпелі отырысы өтті. Жиында ауданды дамытуға бағытталған «Жол картасын» іске асыру барысы талқыланды.
Мәжілісті ашқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өңірдің 2016 жылы жеткен жетістіктері туралы баяндады. Сыр өңірі төртінші жыл қатарынан күріштен рекордтық өнім жинап келеді. 2013-2016 жылдар аралығында Қызылордада 11 жаңа мөлтек аудан бой түзеді. Аймақ тұрғындарының 95 пайызы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған, ал облыс орталығының тұрғындары Қызылжарма жерасты таза ауыз суын пайдаланып отыр.
- Мұнай өндіру көлемінің азаюы облыс экономикасына кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Сондықтан біз жаңа өндіріс орындарын ашу арқылы экономиканы әртараптандыру шараларын қолға алудамыз. Мысалға, Шиелі ауданында ванадий зауытын салу туралы осыдан екі күн бұрын Лондон қаласында келісімге қол қойдық. Алда атқарылар жұмыс орасан, сол үшін тоқмейілсуге болмайды,- деп атап өтті Қырымбек Көшербаев.
Көшпелі отырыс барысында Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Өңдеу өнеркәсібінде өсім байқалады, әсіресе балық өңдеу көлемін арттыру және оны алыс-жақын шет мемлекеттерге экспорттауда ілгерілеу бар. Сонымен қатар, аудан әкімі шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда да жақсы көрсеткіштерге қол жеткізгендіктерін айтты.
Облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов 50-ден астам шараны қамтитын Арал ауданын дамытуға бағытталған Жол картасын таныстырды. Жол картасына енген жобалар республикалық, облыстық және аудандық бюджеттерден қаржыландырылатын болады. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қаржы мәселесі шешілмеген жобалар Жол картасына енгізілмесін және ел Үкіметінен бөлінетін қосымша қаражат Арал, Қармақшы, Жалағаш аудандарындағы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталсын деген тапсырма берді.