Шиеліде жобалық құны 777 млн. теңге тұратын зауыт ашылды
Шиелі ауданында мия тамырын өңдейтін және әк шығаратын зауыт ашылды. Индустрияландыру картасы бойынша іске қосылып отырған кәсіпорындарда 134 адам жұмыс жасайтын болады.
Мия тамырын өңдеу зауытының жобалық құны 612 млн. теңгені құрайды. Бұл зауыт барлық инфрақұрылым тартылған аудандық индустриалды аймақта орналасқан. Жылдық қуаттылығы 250-300 тонна. Мұнда 50 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.
Еліміздің индустриялық-иннова¬ция¬лық бағдарламаларының қатарына енген бұл жобалар ішкі қажеттілікті өтеп, қалғанын экспортқа шығарады. Негізгі өнім қызыл мия та¬мырының ерітіндісі болса, одан бөлек түрлі медициналық дәрі-дәрмекке қажетті шикізат алынатын болады. Қазір қызыл мия тамырына әлемдік нарықта сұраныс артып тұр. Олардың қатарында Германия, АҚШ, Түркия, Жапония да бар. Қытайлықтар да қызыл мия тамырына қызығушылық білдіруде. Жалпы, облыста 80 мың гектар алқапта қызыл мия қоры бар. Қызыл мия мен оның тамырында гликозид, сахароза, эфир майы, органикалық қышқылдар, минерал тұздары бар. Осы қасиеттеріне байланысты олар медицинада, тамақ және темекі өнеркәсібінде қолданылады. Қызыл мия¬ның тамыры бірнеше ауруға ем, дертке дауа екендігі әлдеқашан дәлелденген. Сондықтан бұл кәсіпорынның болашағы зор.
– Өңірдің дамуына өз үлесін қосып келе жатқан кәсіпкерлеріміздің еңбектері ауданның құлаш жайып көркеюіне, кенттің келбетінің шырайлануына негіз болуда. Бұл екі нысан да индустриалды жоба. Өндірісті өркендетуге мүмкіндік береді. Бұл біріншіден Елбасы тапсырған, жергілікті халыққа тұрақты жұмыс орнымен қамту болып табылады. Оған қоса, бюджетке түсетін қомақты қаражат, сосын ел экономика¬сының дамуына үлкен үлес болады, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Ал, салтанатты түрде ашылған екінші нысан «Шиелі тас-Оңтүстік» ЖШС-нің жобалық құны 777 млн. теңге. Кәсіпорынды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 54 млн. теңге қаржы бөлініп, электр желісі жүргізілді. Жылдық қуаттылығы 60 мың тонналық жаңа жоба бойынша 84 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Алдағы уақытта бұл кәсіпорында силикат кірпіш өндірілетін болады.