Қызылорда облысының әкімі солтүстік аудандарда болды
Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов жаңа жылдағы алғашқы жұмыс сапарын cолтүстік аудандарды аралаудан бастады.
Бүгін облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов Қазалы ауданының Жанқожа батыр, Бекарыстан би және Арал ауданына қарасты 12 елді мекенінде болып, тұрғындармен кездесулер өткізді.
Қазалы ауданына қарасты Бекарыстан би ауылының тұрғындары аймақ басшысына ауыз су мәселесі мен спорт кешенін салу туралы өтініштерін жеткізді. Облыс әкімі ауыз су мәселесі биыл өз шешімін табатынын және спорт кешенін жергілікті кәсіпкерлермен бірлесіп мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде салу жолын қарастырылатынын айтты.
Одан кейін облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов Арал ауданының ең шалғай орналасқан Қаратерең, Қарашалаң, Бөген сияқты ауылдарында болды. Жүздесі барысында жергілікті тұрғындар жол, ұялы байланыс желісін орнату, ғимараты ескірген балабақшалар, ауылдық клуб үйлерін жаңарту және кейбір елдімекендерде аяқ су проблемасын шешу сияқты мәселесін көтерді.
Сондай-ақ, жүздесу барысында Арал ауданы Аманөткел ауылы тұсында орналасқан қалқымалы көпірді жаңарту мен Қарашалаң елді мекенінің жол мәселесі көтерілді. Облыс әкімі қалқымалы көпірге қатысты қаржы қаралып, тиісті жұмыстар атқарылатынын айтты. Ал Қарашалаңдағы жолды жөндеуге қажет қаражат қаралған. Жөндеу жұмыстары биыл жүргізіледі.