Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Шағын футбол лигасының қысқы маусымы басталды

Шағын футбол лигасының қысқы маусымы басталды

 

Қызылордада Шағын футбол лигасының қысқы маусымы басталды. Барша Сыр футболсүйер қауымының басын Шанхай ықшам ауданындағы №2 ОБЖСМОР спорт залында қосатын аталмыш Лига сәуір айына дейін жалғасады. 
«В» лигасының бірінші туры өтіп, алғашқы үш ұпайды қоржындарына салған ұжымдар мен жеңілістің кермек дәмін татып үлгерген командалар анықталды.
Турнирдің шымылдығын «Айдан мұнай» мен «Футбол федерациясы» ашты. Екеуі де «В» лигасының басты фавориттері: матч басталғаннан-ақ екі команда да тактикалық ойынға көшіп, бір-біріне доп ұстатпауға тырысты. «Айдан мұнай» сапында, әсіресе, Қуаныш Құлахметов қолды-аяққа тұрмайды екен, бір өзі бір команданы алдап өтуге тырысып, «Футбол федерациясы» футболшыларын біраз әбігерге салды. Соның арқасында Ерболат Баймағамбетов бастаған «Ай Дандықтар» да атойлап шауып, Тимур Айтбаев қорғаған қақпаны жиі нысанаға алып жатты. Дегенмен, «Федерация» қақпашысы сыр білдірген жоқ, алдына келген доптарды сауатты қайтарып, көрерменнің көзайымына айналды. Ал көп ұзамай, қақпашы Айтбаевтың әдемі пасын сәтті пайдаланған Серік Жаппасбаев Лиганың алғашқы голын соқты. Бірақ, бірер минуттан кейін дәл сол Жаппасбаев өз қақпасына гол соғып алды. Дегенмен, ойын соңына таман қарқындарын күшейткен «Футбол федерациясы» қарсылас қақпасына допты қарша боратып, 4:1 есебімен жеңіске жетті.
«Дидар» мен «Forte Bank» арасындағы ойын тіптен тартысты өтті. «Дидар» — қаладағы ең танымал мейрамханалардың намысын қорғап келіп отырған команда. «Фортені» таныстырудың қажеті де жоқ. Сыр еліне ғана емес, барша Алаш жұртына, қала берді, ғаламшарға кеңінен танымал банктердің бірі. Кездесуді бірден алма-кезек шабуылдармен бастаған командалар ойын аяқталғанша барлығы жеті гол соғып, көрермендердің көзі сүйсінетіндей ойын көрсетті. Ал жеңіс банк қызметкерлерінің еншісінде.
Сол секілді «Жастар» мен «Тұлпар» командалары арасындағы ойын да «Шанхай» спорт залына жиналған қауымды ерекше рахатқа бөледі. Бірінші ретте тамаша голдарымен, әлбетте. Лигада ең жас үш команда бар болса, солардың екеуі осы «Жастар» мен «Тұлпар» еді. Бірақ жаспыз деп қорғаныста жасырынып жатқан олар жоқ, бір-біріне дес бермей, өздерінің кез-келген сынаққа да дайын екендіктерін дәлелдеп бақты. Дегенмен, бұл жолы «Тұлпардың» бағы басымырақ болды. «Жастар» сапындағы Еркебұлан Жұмабайдың дубліне Бөрібай, Нағашыбаев және ағайынды Әлмұраттар бір-бір голдан жауап қайтарып, 4:2 есебімен жеңіске жетті.
«Интер.kz» пен «Сырдария» — Лигаға бірінші рет қатысып жатқандықтан екеуінің де ойыны көпшілік үшін жұмбақ болғаны рас. Бірақ Нұрлан Ахметов бастаған «Сырдарияның» қаншалықты қарымды екендігін бірден байқадық. Ал Николай Кимнің «Интері» күштерін алдағы ойындарға сақтап қалған секілді, жасыл паркетте бүгін көп көсіле қоймады. Демек, келесі турда байқаймыз, қаншалықты мықты екендіктерін…
Қызылорда журналистерінен құралған «Қаламгер» командасы алғашқы үш ұпайды қоржындарына салды. Қарсыласы – Досхан Бексейітов бастаған ПМ командасы болатын. Оңай шағылар жаңғақ емес екен, қалам мен қоса доп тебуді де тамаша меңгерген, онысын облыстық турнирлерде ғана емес, республикалық додаларда да дәлелдеп жүрген журналистерге әжептеуір қарсылық көрсетті. Тіпті, айналдырған екі минуттың ішінде Қанат Жанабәлов пен Азамат Қалдыбек «Қаламгер» қақпасына екі гол тоғытып, тілшілерді біраз састырды да. Дегенмен, Әділбек Жақанов сынды марғасқасы бар журналистер қарсыластарынан екі голға артық соғып, ПМ ойыншыларының аптығын әп-сәтте-ақ басып тастады.
Ойынды әжептеуір бастап, тіпті есепті теңестіріп те үлгергендеріне қарамастан жасөспірімдерден құралған «Динамо» командасы азулы, тәжірибелі КГЭК-тен 1:5 есебімен жеңіліп қалды. Шамасы, былтыр «А» лигасына жолдама ала алмаған Данияр Таңатаровтың КГЭГ-і мақсаттарына осы жолы жететін секілді. Әрине, өткен жолғыдай қарсыластарына мұрын шүйіре қарамайтын болса егер.
Енді «В» лигасының келесі туры 31 қаңтар күні өтеді, дәл осы алаңда.

 

Шағын футбол лигасының қысқы маусымы басталды

 

Шағын футбол лигасының қысқы маусымы басталды

 

2-тур (31.01.2015 ж.) 
19:00-19:35. Forte Bank – Жастар 
19:40-20:15. ПМ – КГЭК
20:20-20:55. Сырдария – Қаламгер
21:00-21:35. Тұлпар – Интер.kz
21:40-22:15.  Футбол федерациясы – МФК Динамо
22:20-22:55. Ай Дан мұнай – Дидар
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: