Таспадай тартылған тас жолдағы тартысты бәсеке – велоспортты талай адам қызыға көреді. Әбжіл қимылды, ерекше ептілікті, қажымас қайрат пен жасымас жігерді қажет еткен дүбірлі доданың бұл түрін тамашалап, олардың қатарында сайысқа түсіп жатқан қазақстандық саңлақтарды көргенде оларға тілеулес көңілмен қараймыз.
Шүкір делік, біздің елімізден әлемдік деңгейде жүлдегер атанған жампоздар шоғыры біраз. Кезінде велосипедті шыр көбелек айналдырған шеберіміз Марат Сатыбалдиев велотректен әлем чемпионы атанғанын Сыр бойындағы дүйім жұрт әлі күнге дейін ұмыта қойған жоқ. Сол саңлақтың салған сара жолын лайықты жалғастыра білген Берік Көпешов те Азия чемпионы атағына ие болды. Толайым табысқа кенелген жерлестеріміз олармен ғана шектелмейді. Жарасымды дәстүр қазір де жалғасып келеді. Олардың қатарында ағайынды велошабандоздар Мәди мен Ғабиден Әзен бар.
Қос саңлақ спорттың аталған түрін бала жасынан жанына серік етті. Алдымен оған Мәди қадам басқан болатын. Кәдімгі велосипедтен өзгеше «темір тұлпарды» тізгіндеу жас өренге оңайға соға қойған жоқ. Бұл сәтте оған бапкерлері ақыл-кеңесін айтты. Тынбай тер төгу арқылы толайым табысқа қол жеткізуге болатынын ұқтырды. Өзі теледидардан жиі көретін атақты велошабандоздар секілді биікке ұмтылуды алдына мақсат етті. Мәдиді велоспорт өзіне баурай түсті. Көп ұзамай алғашқы табысына қол жеткізді. Бұл жетістігі өзіне қанат бітірген секілді. Өзіне тиесілі техниканың қыр-сырына қанығып, алға қарай ұмтыла түсті. Таудай талабы бар талантты ұлан осылайша өзіне тән сайыс түрін таңдады.
Мәдимен бірге велоспорт мектебіне інісі Ғабиден де жиі келетін. Онда балалардың тынымсыз тер төгіп, жол үстінде жарыс көрігін қыздырып жататынын көретін. Осылайша Ғабиденнің де велоспортқа қызығушылығы оянды. Ағасымен бірге күнделікті жаттығудан қалмайтын болды.
– Содан бері көп жылдар өтті. Велоспорт оңай сайыстың түрі емес. Талай қиналдық, оған мойыған жоқпыз. Алға қарай мақсатты түрде қадам басу – біздің басты талабымыз. Қазіргі кезеңде ағам Мәди екеуіміз Қазақстан атынан сан алуан жарыста бақ сынап, ел мерейін тасытқан нәтижелерге қол жеткіздік. Мен Азия құрлығында чемпион атандым, ел біріншілігінде бірнеше мәрте топ жардым, басқа да халықаралық жарыстарда алдыңғы лектен көріндім. Мәди де сондай зор табыстарға кенелді. Әкем Әміржан, анам – Ғалия, бауырларым бізге әрдайым тілеулес. Айта кетейін, біздің елімізде велоспортқа ерекше мән беріліп келеді. Қазіргі таңда әлемдік деңгейде тас жол үстіндегі тартысты бәсекеде топ жарып жүрген саңлақтардың көп болуы – соның бір айғағы, – дейді Ғабиден.
Бүгінде ағайынды велошабандоздар алдағы дүбірлі додаларға дайындығын пысықтап жүр. Олар толайым табыстарға қол жеткізуге бар күшін салып келеді.
Сондай-ақ Мәдидің жұбайы Махаббат Үмітжанова да кәсіби түрде велоспортпен шұғылданған. Асқақ арман адамды алға жетелейді. Ол 2012 жылы Талдықорған қаласындағы велоспорттан олимпиадаға дайындық орталығына түсті. Ал 2014 жылы «Astana BePink» клубының құрамына кірді, 2016 жылы «Astana Women Team» клубы сапына ауысты. Онда белгілі велошабандоз Зульфия Забирова менеджер қызметін атқаратын еді. Бұл үлкен спортқа қадам басқан қазақ қызының өміріндегі елеулі сәттердің біріне айналды.
Махаббат 2016 жылы тректен ел біріншілігінде чемпион атанды. Ал шосседегі жарыста алғашқы орындардан көрінді. Қазақстандық бапкерлер велошабандоздың дайындығын жоғары бағалап, көптеген халықаралық бәсекеге жол ашылды. Нәтижесінде Азия чемпионатында бірнеше мәрте жүлдегер атанды. Азия ойындарында бақ сынады. Ел біріншілігінде талай мәрте топ жарды. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына ие болды.
– Қазір құрлықтық додада жеңімпаз атану оңайға соқпайды. Көптеген елдерде қыздар арасындағы велоспорт дамып кетті. Тас жол үстіндегі тартыста Қытай, Жапония, Вьетнам, Таиланд, Оңтүстік Корея, Өзбекстан спортшылары жарыс көрігін қыздырады. Биылғы Азия чемпионатында да дәл сондай бәсеке болды. Қаншама шақырымға созылған жарыста олардың алдына түсіп кету оңайға соққан жоқ. Еліміздің абыройын қорғап барғаннан кейін біз үшін шегінерге жер жоқ. Намысқа тырысып, алға қарай ұмтыла түстім. Қарсыластарым да бас жүлдеге барынша таласты. Бұл бәріміз үшін де қызықты бәсеке ретінде ерекшеленді. Мәре сызығын бірінші болып қиған сәтте ерекше көңіл-күйге бөлендім. Қаншама жылғы еңбектің, дайындықтың, өтеуі қайтты, – дейді спортшы.
Әлемдік деңгейде велоспорт бәсекелері өте қызықты өтеді. Ерлер арасында ұзақ жылдан бері ұйымдастырылатын көпкүндіктер жанкүйер қауымының қызыға тамашалайтын сайыстарына айналды. Мұндай жарыстар әйелдер велоспортында да бар. Оған да кілең мықты велошабандоздар жиналады. Жазғы олимпиада ойындары күнтізбесінде қыздар да жүлделерді сарапқа салуға мүмкіндік алды.
– Айта кетерлігі, әлемдік мамандар Қазақстанды велоспорт жоғары дамыған елдердің бірі деп санайды. Сондықтан жүлдеге үміткерлер қатарына қосады. Бұл – біз үшін үлкен жауапкершілік. Қателікке бой алдыруға болмайды. Жоғары нәтижеге қол жеткізуге барынша күш саласың. Осындай бәсекенің арқасында әріптестеріммен бірге үлкен тәжірибе жинақтадық. Бізді алда беделді бәсекелер күтіп тұр. Олардың арасында 2024 жылғы Париж олимпиадасының шоқтығы биік. Мұндай айтулы аламанға әрбір спортшы қатысып, бақ сынауды қалайды. Оған лайықты деңгейде дайындық жасайды. Олимпиадаға қатысу үшін алдымен іріктеу кезеңінен іркілмей өтуің керек. Алдағы мақсатымыз – жанкүйерлерді жоғары жетістігімізбен қуанту, – дейді ол.
– Сыр велоспортының беделі биік. Бұл өңірден талай мықты спортшылар шықты. Олардың қатарында трек түрінен Әлем чемпионы Марат Сатыбалдиевті ерекшелеп айтамыз. Сондай-ақ, жастар арасында әлемдік деңгейде топ жарған Сергей Капустинмен де жерлестері мақтанады. Қазіргі күні де келешегінен үлкен үміт күттіретін жастар шоғыры өсіп келеді, – дейді ол.
Азия чемпионатында алтын алғаннан кейін велошабандоз ел біріншілігінде топтық жарыста жеңіс тұғырына көтерілді. Бәсеке барысында спортшылар 105 шақырымдық тартысқа түсті. Мәреге 20 шақырым қалған сәттен бастап Махаббат Павлодар облысынан келген Рината Сұлтанова екеуі жұлдыздай жүйткіп, өзге қарсыластарынан оқ бойы озық шықты. Шешуші сәтте сыр бермей қарсыласын қапы қалдырып кетті.
Велошабандоз алдағы жарыстарға қатысу үшін жоғары дайындыққа көңіл бөліп отыр. Әрбір еселі еңбектің қайтарымы болатыны белгілі.