Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Ескек есу спортында елеулі жеңіс

Замира ДАСТАНҚЫЗЫ
Салауатты өмірдің салтын бұзбай, уақытын сауық-сайраннан гөрі жаттығуға арнайтын спортшылардың еңбегі – еліміздің ертеңгі жеңісі. Өйткені, шыңдалудың жолында шымыр болатын шыншыл мінезділердің абыройды адал атқаратыны да ақиқат. Бүгінде спортшылар Сыр елінің атағын аспандатып, атын әлемге танытуда ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке ие. Осы орайда, ескек есушілер де есе жібермей, есепті жаңартып, жылда жеңістің жалауын тік көтеріп келеді. Шынтуайтында байдарка мен каноэде есу спортын естігенде таңданысын жасыра алмайтындар бар. 

Себебі, сумен байланысы бар спорттың басқаларынан ерекше екені белгілі. Иә, барлығы жазғы маусымның аптап ыстығында тынығуды жоспарлап, көл жағасында демалып, қайықпен серуендейтіні рас. Дегенмен, сырт көзге жеңіл көрінген спорттың өзіндік заңдылықтары мен ескеруге тиіс ережелері бар. Яғни, қайықта қағидаға сүйеніп, біркелкі тепе-теңдікті ұстап, екі қолдың қажырлылығымен ескек есу оңай емес. Демек, ескек есуде ебедейсіздік таныту қарсыластың қанжығасын майлайды деген сөз. Сыр елінің сайыпқырандары қоржынға алтын толтыруда алға озып, күмісте де кері шегінбейді. Әр кез марапат мінберінен көрініп, медальға ие болуы қошемет көрсететіндей-ақ. Осы орайда облысымызда байдарка мен каноэ спортының даму деңгейіне толығырақ тоқталмақпыз.
Қызылорда облысында байдарка және каноэде есу 2013 жылдың 10 қаңтарында ашылған. Осы мақсатта сол уақыттағы дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Садық Мұстафаевтың бастамасымен Астанадан арнайы 2 жаттықтырушы Мұхитдин Миербеков мен Диана Хазиева шақырылған. Әлбетте, қандай да бір істің берекелі болып, оның алға жылжуына жәрдемдесетін білікті мамандардың болғаны жақсы. Қанша дегенмен жеңіске жетелейтін жаттықтырушы үздік спорт шеберлерін даярлайтыны даусыз. Онсыз да он жылға жуық уақыт ішінде бұл спорт түрі жанданып, әлем чемпионатында жүлдегер атанған жастар көп.
— Осы 10 жылдан астам уақыт ішінде есудің дамуы қарқынды болды. Ашылғаннан кейін 3 жылдан соң Қызылорда облысынан Қазақстан Республикасының жүлдегерлері мен чемпиондары шыға бастады. 2015 жылы әлем чемпионатында Мерей Медетов 6 орынға ие болды, ол Әлем кубогынан үш рет медаль жеңіп алды. Сонымен бірге, Мерей Әлем кубогында Ресей спортшысына ғана есесін жіберіп, 2-орын иеленсе, Индонезияда өткен Азия ойындарында Қазақстан құрамасының қоржынын қола медальмен толықтырды. 2018 жылы Қожахмет Алтынбек Болгарияда өткен жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында күміс жүлде, Гүлжайна Тыныбекова қыздар арасындағы Әлем чемпионатында 5 орын алды. Алайда, ең үлкен жетістігіміз 2018 жылы Аргентинада жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында жерлесіміз Диас Бахраддиннің алтын медаль иеленуі болды. Сондай-ақ осы Олимпиада ойындарында Эльнура Нұрланова қыздар арасында 4-орынға ие болды, ол 3-орын иегерінен небәрі 1 секундқа кеш келген еді,- деді ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мұхитдин Миербеков. 
Табандылықты талап ететін, жылдамдықты қажет ететін спортта сағы сынбай, жоғары көрсеткіш үшін жанын салып дайындалатын үздіктер жеңісте үзіліс жариялағысы жоқ. Таудай талап пен тапқырлықтың негізінде әр жарыста жүлделі болуды жөн санайды. Мұның өзі облысымыздың абыройын асқақ етіп, мәртебесін биіктетіп тұрған жоқ па?! Байдарка мен каноэде есу спортында қызылордалықтар ҚР чемпионаттарында 150-ден астам медаль, әлем кубогында әлем чемпионатынан 3 медаль, Азия ойындарынан 1 медаль, Олимпиада ойындарынан 1 медаль, Азия чемпионаттарынан 15-тен астам медаль алды. 10 жыл ішінде 4 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 11 ҚР спорт шебері, 20 спорт шеберіне кандидат және көптеген разрядтаушылар, сондай-ақ ҚР Ұлттық құрамасының 26 мүшесі дайындалды. Осындай жағымды жаңалықтың көптігі көңілді қуантып, еңсені тіктейтіні тағы рас. Асылында, ерінбей еңбек еткеннің еншісіне жүлде бұйырып, жалқаулыққа жар бермей жаттығуды күшейту жеңісті жақындататыны сөзсіз.
Сыр елінің спортшыларының спортқа келгенде кежегесі кері тартпайды. Сенім жүгін арқалаған жастар үмітті ақтауға бек дайын. Сол үшін кез келген кедергіні таптап өтіп, дайындық жұмысын жүргізеді. Өйткені, олар төгілген ащы тердің жемісі тәтті болатынын анық біледі. Осы ретте, спортшылар қысқы мерзімде ауа райының қолайсыздығына байланысты қазан айынан бастап көрші Өзбекстанға барады, ол жақта дайындық жұмыстары сәуір айына дейін созылып, сәуір айында жарысқа дайындалу үшін Қызылорда мен Алматыға келеді екен. Қалайда жеңістен қол үзбеуді қарастыратындар еңбектің бәрін жеңетінін жиі дәлелдейді. Иә, байдарка мен каноэде есудің облысымызда даму деңгейі жоғары екенін атап көрсеттік. Оған жіпке тізіп көрсеткен жетістіктер де дәлел. Тіпті, өңірімізде есу базасы ашылып, төбеміз көкке жетіп қуанған болатынбыз. Дей тұрғанмен, кейбір кемшін тұстардың да бары жасырын емес. Енді соған көңіл бөлініп, шешімі табылса ескек есу спортының даму қарқыны әлі де үдейтінін қаперге алған жөн.
— Қуанышымызға орай, облыста есу базасы ашылды. Қазіргі уақытта мұнда 60-тан астам спортшы айналысады, олармен 2 штаттық жаттықтырушы және жартылай штатпен 2 жаттықтырушы сабақ өткізеді. Ал, базасы толық жұмыс істеуі үшін кем дегенде 10 жаттықтырушы жұмыс істеуі керек. Салыстырмалы түрде алар болсақ, Шымкент есу базасында 30-ға жуық жаттықтырушы жұмыс істейді. Осы көрсеткіштен кейін біз оларға қалай бәсекелес болмақпыз? 60 спортшының барлығына қайық жетіспейді. Бізде бүгінгі күні барлығы 15 қайық қана. Байқағандарыңыздай, жетіспеушілік көп. 15 қайықтың 10 қайығы мен моторы бар катерді ЖСШМ директоры Бағдат Каленов және 5 қайық пен моторы бар 2 катерді №5 ОРМБЖМ сатып алды. Жалпы алғанда, есу спортының әрі қарай дамуы үшін көмек қажет немесе жақын арада біз 10 жылда қол жеткізген барлық жетістіктерімізді жоғалтуымыз мүмкін. Облыста ескек есумен ҚР еңбек сіңірген 2 жаттықтырушысы және 1-санатты 3 жаттықтырушы айналысады,- деді М.Хамидұлы.
Сонымен, су үстіндегі жарыста қауіпсіздікті қаперде ұстап, қайық қозғалысын бағамдап, ескектің ебін тауып есу қажет. Сайып келгенде, бір мезетте бәрін ойластырып, күш-қуатты да арттырып отыру, жылдамдыққа иек арту жеңіл іс емес. Ал, егжей-тегжейлі әр тәсілін меңгерген спортшылар ақылдың амалына жүгіну керектігін айтады. Мұны спортқа деген сүйіспеншілігі зор Гүлжайна Тыныбекованың сөзінен байқадық.
— Ескек есу спортынан үздік атану үшін қайтпас қайсар мінез, шыдамдылық және жылдамдық, күш пен ақыл керек. Егер алған бетінен қайтпайтын табандылық болса жеңісті күндердің көп болатыны айдан анық. Менің байдарка мен каноэде есу спортымен айналысып жүргеніме 9 жылдай уақыт болып қалды. Осы уақыт аралығында көптеген ел мен қалаларды көрдім. Алдағы уақытта да мақсатым айқын. 2023 жылы Азиада және 2024 жылы Париж қаласында өтетін олимпиада ойындарында жеңіске жету.
Спортта айтарлықтай кедергілер кездеспейді. Үздіксіз жаттығудың нәтижесінде және өз ісінің майталманы бола білген жаттықтырушыларымыздың арқасында жеңіс тұғырынан көрініп келеміз. Осы ретте, әрқашан жанашырлық танытып, қолдау білдіретін барлық жаттықтырушыларға алғысымды білдіргім келеді,- деді халықаралық спорт шебері Г.Алмасбекқызы. «Жеңілгенді жер көтереді» дейді халық даналығы. Әйтсе де, жеңілісті жеңіл қабылдауға бекінгенімен, жеңіске біртабан жақын Гүлжайнаның арманы асқақ. Бүгінде көздеген мақсатына, діттеген мұратына жету үшін тынбайтынын спортқа деген қызығушылығынан аңғардық.
Шынтуайтында, шылым шегіп, шырт түкірудің денсаулыққа зияны болмаса пайдасы жоқ. Сондықтан саналы ұрпақтың саулық үшін спортпен шұғылданғаны өзі үшін һәм қоғам үшін маңызды. Қайткенмен де, ессіздіктің ерге сын екенін ескерсек, салмақтылық пен саналылықты сабақтастыра білген спортшылардың бағындырар белесі биік болмақ. Осы орайда, спорт десе ішкен асын жерге қоятын жігерлі жастардың ұстанымына берік болғаны орынды. Әлем чемпионатының жүлдегері Қожахмет Алтынбек те өз ұстанымына адал азамат. Сыр елінің атын әлемге танытқан спортшының байдарка және каноэде есумен айналысып жүргеніне 10 жылға таяған.
— Алғашқыда бұл спорт түріне қызығушылықпен келгенмін. Бәлкім, уақытша ғана айналысармын деген ой болған. Алайда, бірте-бірте ескек есу менің сүйікті салама айналды. Сондықтан болар, кездескен келеңсіздікке қарамастан, кедергіге де көз жұмып, жеңімпаз атануды және жеңіске жетуді жалғастырып келемін. Иә, жарыс кезінде көптеген қиындықтар болады. Дегенмен, жаттықтырушының көмегімен, жақындарымның қолдауымен биік шыңдарды бағындырудамыз. Жеңіске жетудегі басты ұстанымым «үлкен мақсат – үлкен жетістікке жетелейді» деген сөз. Яғни, жеңіс жолында бағытымды бағдарлап, мақсат қоямын,- деді Қ.Алтынбек. Сонымен қатар, спортшы ескеру керек ережелер мен талаптарды да тілге тиек етті. Оның айтуынша, ескек есу кезінде әр спортшының өз жарыс жолы бар, сол жолдан шықпау қажет. Сондай-ақ, қайыққа сағат алып шығуға болмайды және барлық спортқа бірдей талап ол – допинг қолданбау. Сонымен қатар, жарыста қайық ұзындығы мен оның салмағы да ескеріледі. Ұзындығы 5 м 50 см-ден аспау және кем болмау, ал салмағы 14 кг-нан төмен болмау керек. Егер де 1 см тіпті 1 мг төмен болғанның өзінде қандай жарыс болмасын 1-орын алса да, жарыстан шеттетіледі екен. Байқап қарасаңыздар, спорт саласының қызығы мен шыжығы қатар жүреді. Әсіресе, су үстіндегі жарыста қайыққа жайғасқаннан бастап жеңіске жетем дегенше жаны жай таппай, қажырлылық танытатын қайраттылардың еңбегі ерен.
Түйіндей келе, облысымыз үшін он жылда жеткен жетістіктің өзі аз емес. Жас спортшыға сүрінгенде сүйеу болып, қашан да қолдау көрсететін жаттықтырушының да үлесі зор екені шындық. Алдағы уақытта, ескек есу спортына ден қойылса, даму қарқыны үдемесе тоқтамақ емес. Өйткені, өр мінезді спортшылардың есті әрекеті мен табандылығы талай мәрте көк туымызды көкке желбірететіні сөзсіз.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: