16-18 ақпан аралығында елордада алғаш рет жаттықтырушылар курсы өтті.
"Астана Футбол федерациясы бір апта бұрын «С» категориясы бойынша жаттықтырушыларға арналған сертификатты алу үшін курс өткізетінін жариялады" деп хабарлайды қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі.
Қазақстан Футбол федерациясымен бірге ұйымдастырылған жоба алғаш рет Астанада өтті. Курс елорданың барлық тұрғындарына арналды. Семинарға қатысуға ниет білдіргендердің арасында әртүрлі мамандықтың өкілдері болды.
Футбол орталықтары, балалар жаттықтырушылары және «Наша кампания» футбол командасының өкілдерімен қатар, экономистер, кәсіпкерлер, IT саласының мамандары, футболды жақсы көретін және дене шынықтыру факультетінің студенттері қатысты.
Бұл курсты өткізу мақсаты жөнінде Астана Футбол федерациясы президенті Аймағамбетов Л.Е. айтып берді.
«Біздің басты мақсатымыз футболды бұқаралық және қолжетімді ету. Осы міндеттерді орындау жолында алғашқы қадам жаттықтырушыларға дәріс беруді ұйымдастыру бастамасы болды. Алдағы уақытқа үңілсек, Астана Футбол федерациясы аясында футбол мектептерінің ашылуы барлық балалардың футболмен айналысуына мүмкіндік береді. Еліміздегі балалар және жасөспірімдерді дайындайтын білікті мамандардың жетіспеушілігін ескере отырып, бірінші кезекте кадр даярлауды қолға алдық. Олар келешекте әртүрлі жас категориясындағы балаларды жаттықтыра алады».
Үшкүндік курста аудитория алдында психология мен физиология саласындағы профессорлар – Мейрамқұлов К.С., Тынышпаева А.А., «А» және «В» категориясы бойынша жаттықтырушылар Қарынбаев С.Т., Котов К.В. сөз сөйледі.
Курстың алғашқы күнін «Бұқаралық футбол» жөніндегі лекциямен Қазақстан Футбол федерациясының техникалық орталығының директоры, профессор Адамбеков Қ.И ашты.
«Қазіргі заманғы футболдың ұжымдық қызмет ретінде қарастырылуына толық негіз бар. Ол әлемдегі әлеуметтік, экономикалық және саяси мәселелердің жиынын қамти алады. Футболдан Әлем чемпионаты, құрлық чемпионаттары, әртүрлі деңгейдегі біріншіліктер, Ұлттық федерацияның турнирлері сынды ірі халықаралық жарыстар бұл жағдайдың дәлелі. ФИФА-ның соңғы мәліметі бойынша футболдың дамуында басты рөлді бұқаралық футбол атқарады. Қазақстанда да солай. Бұқаралық футбол әртүрлі мамандық пен әртүрлі жастағы адамдарды біріктіреді. Қазақстанның УЕФА-ға енгенінен кейін, біз «А» және «В» категориясы бойынша жаттықтырушыларға арналған бағдарламаны дамыта отырып, бұл бағытта үлкен маңызға ие іргетасын қалау мүмкіндігін пайдалана алмадық. Мен «С» категориясы жөнінде айтып отырмын. 2011 жылдан бастап ҚФФ «Жаттықтырушыларды даярлайтын ұлттық бағдарламаны» іске қосты».
Курстың бағдарламасына футбол ойынының ережелері, жас шамасының психологиясы, жаттықтырушы-оқытушының философиясы, футболшылардың дене даярлығы жөнінде лекциялар да енді.
«Астана» футбол орталығының жаттықтырушылары Казьмирчук О.В. мен Колюбин С.Ю. «Астана-Арена» стадионында 2005 жылы туған балаларды үлгіге алып, тәжірибелік сабақ өткізді. Баспалдақта жаттығу, 2Х2 жаттығуы, алаңның енін пайдалану тәжірибе түрінде көрсетілді. Қақпаға соққы бағыттау, шабуылды дамыту және қорғаныс әрекеттері пысықталды.
Семинар қорытындысы бойынша әңгімелесу үлгісінде емтихан қабылданды. Барлық тыңдаушылар футболдың теориясы мен әдістемесі, әсіресе, балалар физиологиясының ерекшеліктері мен жарақаттан сақтандыру бойынша білімдерінің өте жақсы екенін көрсетті. Сонымен қатар, семинарға қатысушылар өз пікірімен бөлісті.
- Ел футболының дамуына үлес қосу үшін семинарға келдік, - дейді футбол орталығының балалар жаттықтырушысы Ярослав Сеттаров - Біздің футболдағы олқылық - аймақтар мен елді мекендерде спорттың бұл түрінің кенже дамуы. Оның ішінде елді мекендерде футбол орталықтары мен мектептердің жоқтығы, жаттықтырушылар мен жаттығу құралдарының жетіспеушілігі бар. Қазақстан Футбол федерациясы мен Астана Футбол федерациясының жаттықтырушыларды оқыту жөнінде қолға алған бастамасы қуантады. Көпшілігі футбол орталықтарында әртүрлі себептермен жаттыға алмайтын мектеп оқушыларына футболды дұрыс әрі сауатты оқыту мақсатында семинарға келді. Сондай-ақ, бұл дәріске құлағының мүкісі бар мүмкіндік шектеулі жан қатысты. Оның мақсаты – өзі сияқты жандарға арнайы әдіспен балалар футболының бағытын үйрету.
Семинар қорытындысы бойынша тыңдаушыларға «С» категориясы бойынша ұлттық жаттықтырушы лицензиясы табыс етілді. Профессор Қайрат Адамбеков пен елордалық федерацияның вице-президенті Әлия Дүйсекеева барлық қатысушыларды Қазақстандағы бұқаралық футболдың дамуына үлес қосуға шақырды және өз білімдерін жетілдіруде үлкен табыстар тіледі.
Айта кетейік, бұл бағдарлама тұрақты түрде өткізілмек және келесі семинар 2015 жылдың жазына жоспарланған.