"Қайсар" командасының бұрынғы ойыншысы Мақсат Байжанов бұдан бұрын команданың директоры Руслан Балтиевтің "Біз шақырдық, ол келмеді" деген сөзіне жауап қайырды. Республикалық "Спорт кз" сайтына берген сұхбатында Қызылорда футболының түлегі төмендегіше ойын білдірген.
Тілшінің "Өзіңнің "Қайсарыңнан" ұсыныс түсті ме" деген сауалына Мақсат "Иә, "Қайсардан" ұсыныс түскен болатын" деп жауап береді. Одан кейін тілші "Қызылордалық жанкүйерлер сені "Қайсарға" оралуыңды қалап еді. Бірақ, сен оған қарсы болыпсың" деп тағы бір сауалын көлденең тартқан. Бұған Мақсат "Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл өткен жылдың қараша айы болатын. Ол кезде менің "Шахтермен" келісім-шарт мерзімім әлі аяқталған жоқ еді. Сондықтан өзге клубқа ауысуға болмайтын. Өз кезегінде "Қайсар" аталмыш келісім-шарттың аяқталуын күткен жоқ" дейді.
Мақсат Байжанов Қызылорда футболының түлегі. Алғашқы қадамын 2002 жылы ""Қайсардың" құрамында бастаған. 2005 жылы Павлодардың "Ертіс" командасында ойнап қайтты. 2006-2008 жылдарда қайтадан "Қайсардың" сапында ойын көрсетті. 2009 жылдан бері Астананың "Локомотив", Ақтөбенің "Ақтөбе", Талдықорғанның "Жетісу" командаларының жейдесін киді. Соңғы төрт жылдан бері Қарағандының "Шахтер" командасының намысын қорғады. Үстіміздегі жылы "Атырау" командасының оқу-жаттығу жиынына қатысып жүр.