Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Үздік ауыр атлеттер марапатталды

Үздік ауыр атлеттер марапатталды

 

Астана қаласындағы Ұлттық музейде «Жылдың үздік ауыр атлетшісі» атағының иегерлерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
 
Халықаралық ауыр атлетика федерациясы дүние жүзінің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлердің интернет дауыс беруі арқылы 2014 жылдың үздік ауыр атлетшісін анықтады. Дауыс беру барысында әлемнің 46 елінен 2000-ға жуық дауыс тіркелді. Биылғы жылдың үздігі болып ерлер арасында екі дүркін Олимпиада чемпионы отандасымыз Илья Ильин ие болды. Ал қыздар арасында ресейлік Татьяна Каширина қол жеткізді.
Салтанатты марапаттау рәсіміне ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, ҚР Мәденинт және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Халықаралық ауыр атлетика федерациясының президенті Томаш Аян, және IWF вице-президенті Нику Влад қатысты. 
– Мемлекеттің дамуында спорттың алатын орны ерекше. Өзге елдер Лондон Олимпиадасынан кейін Қазақстанды жаңаша қырынан тани түсті. Жалпы командалық есепте 12-ші орын алуымыз үлкен жетістік. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым спортқа ерекше көңіл бөліп келеді. Өйткені, әлемнің үздік 30 елінің қатарына қосылуы үшін дені сау ұлт болуымыз қажет. Елбасы 2020 жылға дейін бұқаралық спортпен айналысатындардың саны жалпы халықтың санының 30 пайызынан кем болмау керек деген міндет қойды. Бүгін, міне, жылдың үздік ауыр атлеті атанып отырған Илья Ильинді мен бала кезінен жақсы танимын. Ол осы жетістікке үлкен еңбекпен қол жеткізді. Кеше Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Нұрсұлтан Назарбаев Ильяға кемі үш дүркін Олимпиада чемпионы болуың қажет деп айтты, – деді Бердібек Сапарбаев.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: