Элизабет Тұрсынбаева жасөспірімдер арасындағы Олимпиадаға қатысады
Эстония астанасы – Таллин қаласында жастар арасында мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионаты мәресіне жетті. Оған жер шарының түкпір-түкпірінен 30-дан аса мемлекет катысты.
Байрақты бәсекеде Қазақстанның намысын қорғаған 15 жастағы жалғыз мәнерлеп сырғанаушы, қызылордалық Элизабет Тұрсынбаева төртінші орынды иеленді. Осылайша ол келесі жылы болатын жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарына жолдама алды.
Ол қысқа бағдарламада 55,95, еркін бағдарламада 117,49 ұпай жинады. Қоссайыстың бағдарлама нәтижесінде 173,44 ұпайды қоржынға салып, жеке рекордын орнатты. Айта кетейік, былтыр Элизабет әлем чемпионатында 11-орынды иеленген болатын.
Бес жасынан бастап, мәнерлеп сырғанаудың қыр-сырын үйреніп, әлемдік жарыстарды бағындырып келе жатқан Элизабеттің алар асуы әлі алда деп санаймыз.