Ақтөбе қаласында каратэ-додан өткен халықаралық турнирде жерлестеріміз 14 жүлдемен оралды. Дүбірлі бәсекеге Қазақстан мен Ресейден 300-ге жуық каратэші қатысып, өзара шеберлік байқасты.
Турнир нәтижесінде алтын медальді 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 18 жастан жоғары спортшылар арасында өнер көрсеткен Мөлдір Жаңбырбай мен Нұржан Ақпанбет жеңіп алды.
16-17 жас аралығында Әділет Оралбек, Әділет Төлеу, Қайсар Өмірбек және Дастан Сыздықтар командалық кумитэде бірінші орынды иеленді.
Сүйіндік Монтай (+18 жас, -60 келі), Дастан Сыздық (16-17 жас, -55 келі), Марта Ким (14-15 жас, +47 келі) күміс жүлдені еншілесе, 14-15 жас аралығында сынға түскен Ақмарал Бекназар (-47 келі), Дінмұхаммед Мейрам (-63 келі), 16-17 жас аралығында Диана Досқали (-53 келі), Әділет Төлеу (-55 келі), Нұрәділ Кеңесбек, Қайсар Өмірбек (екеуі де -61 келі салмақта), Әділет Оралбек (-68 келі), 18 жастан жоғары спортшылар арасында Қуандық Монтай (-55 келі) қола жүлдеге қол жеткізді.
Каратэ-додан облыстың аға жаттықтырушысы Рүстем Әбжәмиев, Рүстем Қараев және Нұржан Ақпанбеттен тәлім алатын спортшылар облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебі мен №2 облыстық олимпиадалық резерв мектебінде жаттығады.