Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Дәулет Ниязбеков Азияның алғаш алтынын алды

Дәулет Ниязбеков Азияның алғаш алтынын алдыБүгін облыс әкімі Қ.Көшербаев еркін күрестен Азия чемпионы Дәулет Ниязбековті қабылдады. Сыр елінің тумасы жақында Катардың Доха қаласында өткен Азия чемпионатында алтын медаль иеленіп, еліміздің туын көкке көтерді. 
Дәулет Ниязбеков 1989 жылы Жаңақорған ауданында дүниеге келген. 10 жасынан күреспен айналысқан ол Қазақстан Республикасының ересектер арасында 5 дүркін жеңімпазы, Азия чемпионатының 2 мәрте қола жүлдегері. Оның бүгінгі алған жүлдесі қоржынындағы алғашқы алтыны. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Дәулетті жеңісімен құттықтап, бұл үлкен жеңістердің бастамасы болсын деп тілегін айтты.
- Биыл спортшыларымыз әлемдік ареналарда көптеген жоғары табыстарға қол жеткізуде. Соның бір дәлелі - Дәулеттің жеңісі. Сыр жұртшылығы атынан Дәулет інімізді жеңісімен құттықтап, алдағы байрақты бәсекелерде Тәуелсіз еліміздің көк туын биікке желбірете беруін тілеймін. Ал біз өз тарапымыздан барлық жағдай жасап, қолдау көрсетуге дайынбыз, - деген аймақ басшысы балуанға қаржылай сыйлық табыс етті.
Өз кезегінде Азия чемпионы Д.Ниязбеков көрсетіліп отырған құрметке алғысын білдіріп, алдағы бәсекелерде жеңіске жету үшін бар күш-жігерін аямайтындығын жеткізді.
Сыр спортшыларының мұндай биік белестерден көрінуі спортқа деген қолдаудың артып отырғандығының дәлелі. Қазірде аймақ халқының 24,5 пайызы бұқаралық спортпен шұғылданады. 
Айта кетейік, биыл Қызылорда қаласында бокс орталығы мен ипподром, Нағи Ілиясов ауылында стадион мен спорт кешені, Қазалы, Жаңақорған аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері халық игілігіне пайдалануға беріледі. Қала орталығында 4 дүркін Әлем чемпионы, 2 дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильин атындағы ауыр атлетикадан спорт кешенінің құрылысы, сондай-ақ 3 мың орындық жабық футбол манежі бой көтереді.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: