Қызылорда облыстық футбол федерациясының кеңсесінде Шағын футбол лигасы Ұйымдастыру комитетінің мәжілісі өтіп, күн тәртібіндегі маңызды екі мәселені қарастырды. Бұл жөнінде облыстық футбол федерациясының баспасөз қызметі мәлім етті.
Алдымен ҰК мүшелері «С» лигасының 5-туры аясында өткен Zenit пен «Сейхун» кездесуі кезіндегі кикілжіңді ортаға салды. Екі команданың капитандары Алмаз Ысқақов пен Бердібек Қамиевтің пікірлерін тыңдаған соң комитет мүшелері қақтығыстың басты себепшілері Нұржан Ақылбеков (Zenit) пен Жандос Саимовты (Сейхун) Шағын футбол лигасының алдағы 3 (үш) ойынынан аластату туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ, екі команданың қоржындарынан 3 (үш) ұпайдан шегеріліп тасталды.
Ал екінші мәселе «Азамат» – «Орион» кездесуі кезінде орын алған ДВД КЗО ойыншысы Ермек Таумахановтың тәртібіне қатысты еді. Шағын футбол лигасы Регламентінің 4,1 пунктін бұзғаны үшін Е. Таумаханов Лиганың алдағы 3 (үш) ойынынан аластату туралы шешім шығарылды.