Кеше аудан әкімі Бахыт Жаханов грек-рим күресінен Азия чемпионын қабылдады. Қасиетті қазыналы Қазалыдан шыққан палуандар жақында Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен Азия чемпионатында Үсенов Бағдат алтын медаль иеленіп, еліміздің туын көкке көтерсе, Әзілхан Нұрбақыт қола медалін жеңіп алды.
Қазақстанның екі дүркін чемпионы Бағдат Үсенов 76 келі салмақта сынға түсіп, Азия чемпионы атанды. Бағдат Үсенов 1998 жылы туылған, Қазалы ауданындағы Жамбыл Жабаев атындағы №234 мектептің түлегі. №17 Қазалы ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің оқушысы. Жаттықтырушысы Сапарбек, Қанат Көбегеновтер.
Ал екінші жерлесіміз 42 кг. салмақта бақ сынасқан грек-рим күресінен Қазақстанның екі дүркін жүлдегері 1998 жылы туылған Əзілхан Нұрбақыт қола жүлдегер иесі КСРО спорт шебері Тұңғышбай Дербісалиевтың шәкірті.
Аудан басшысы палуандарды жеңісімен құттықтап, бұл үлкен жеңістердің бастамасы болсын деген жылы лебізін білдіріп, қаржылай сыйлық табыстады.
Аудан жастарын спортқа тартуға, бұқаралық спортты дамытуға қосқан еңбектері үшін палуандардың жаттықтырушыларына «Алдағы уақытта да бай тәжірибеңіз бен қажыр-қайратыңызды тәуелсіз еліміздің өркендеуіне жұмсап, парасатты парызыңызды абыроймен атқара беретіндеріңізге сенемін», - деп«Алғыс хаттар» табыстады.
Өз кезегінде Азия чемпионы Үсенов Бағдат көрсетіліп отырған құрметке алғысын білдіре отырып, алдағы бәсекелерде жеңіске жету үшін бар күш-жігерін аямайтындығын жеткізді.
Қазалылықтар жерлестерін салтанатты рәсіммен күтіп алып, мерекелік тарту жасады.
Айта кетейік, былтырғы жылдың басында ауданда тұрақты түрде спортпен шұғылданушылар саны 17250 адамға жетсе, бұл көрсеткіш аудан халқының 23 пайызын құраған болатын. Ал, жыл аяғында тұрақты түрде спортпен шұғылданушылардың саны 18242 адамға жетіп, бұл көрсеткіш 24 пайызға жетті.
Биыл ауданда 300-ге жуық спорттық іс-шара жастар және жасөспірімдер арасында өткізілетін болады. Сондай ақ, шеберлікті жетілдіру мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізіледі.
Жыл басынан бері спорт түрлері бойынша спортшылар облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып, 15 алтын, 19 күміс, 23 қола медальға қол жеткізді.
Биылғы жылы да спорттық шараларға, оның ішінде, мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы іс-шараларға аса мән беріліп отыр.