Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Мағжан Шәмшiдин: «Мен уәдемдi орындадым!»

Мағжан Шәмшiдин: «Мен уәдемдi орындадым!»Дзюдо спортынан әлем чемпионы атанған балуандарымызды санамалар болсақ, он саусаққа толмайды. Ересектерден бастасақ, 2009 жылы Максим Раков Нидерландыдан әлем чемпионы атанып қайтты. Биыл жазда Астанада өткен әлем чемпионатында Елдос Сметов әлем бiрiншiлiгiнiң алтын медалiн иелендi. Ересектер арасында алған алтынымыз әзiрге осы. Жастар арасында 2010 жылы Елдос Сметов Мароккода әлем чемпионатының алтын медалiн олжалады. Мағжан Шәмшiдин күнi кеше Бiрiккен Араб Әмiрлiгiнiң бас қаласы Абу-Дабиде өткен әлем чемпионатының алтын медалiн Қазақ елiнiң кеудесiнде жарқыратты.   Жасөспiрiмдер арасында 2013 жылы Бауыржан Жауынтаев АҚШ-тан әлем чемпионы атанып оралды. Екiншi алтын медальдi биыл жазда Босния мен Герцеговинаның астанасы Сараево қаласында Айболат Ыстыбай алып бердi.
Санамалап шықсақ, жасөспiрiмдер арасындағы әлем чемпионатынан – 2, жастар арасындағы әлемдiк додадан – 2, ересектердiң әлем бiрiншiлiгiнен – 2 алтын медаль.
Әр жас ерекшелiгiне сай өткен әлем бiрiншiлiктерiнен бұйыр­ған 6 алтын медальдiң бiрiн иеленген Мағжан Шәмшiдиндi оқырмандарымызға кеңiнен таныстырмақ ниетте сұхбат алдық.
"…Мен сенемiн жастарға. Алаш атын аспанға, Шығарар олар бiр таңда…” деп Мағжан Жұмабайұлы сенген жастың бiрi ел үмiтiн ақтай бiлгенiне шүкiрлiк етедi.
– Мағжан, дзюдо спортына қалай келдiң? Бiлiктi бапкер Қален Қалиұлына қалай шәкiрт атандың?
– 2008 жылы өзiмнен үлкен ағам Төребек Қызылорда қаласындағы Жалаңтөс Баһадүр атындағы спорт мектеп-интернатына ертiп келдi. Ағам да дзюдо спортымен шұғығлданған. 7-сыныптан бастап осы мектепте оқып, 2013 жылы бiтiрдiм. Қазiр Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық колледжде оқимын.
– Спортшының үлгi алатын саңлағы болады. Өзiңе кiмнiң күресу тәсiлi ұнайды?
– Жалаңтөс Баһадүр атындағы мектеп-интернатта мен Бауыржан Жауынтаевпен бiрге оқыдым. Бауыржанның жасөс­пiрiмдер арасында әлем чемпио­ны екенiн бiлесiз. Дзюдо спорты­мен шұғылдана бастағаннан-ақ Бауыржанның белдесу өнерi менi қызықтырды. Әдiс-тәсiлдi оңтайлы қолдануы, шалт қимылы ерекше әсер еттi. Әлем­дегi дзюдо серкелерiнiң iшiнде үш дүкiн Олимпиада чемпионы жапон Тадахиро Номураның күресу стилiне тәнтi болып есейдiк.
– Отбасың туралы кеңiрек айтып берсең.
– Әкем Киiкбай Қызылорда қаласындағы әуежайда күзетшi болып қызмет етедi. Анам Әсем­гүл Қызылордадағы Қытай фирмасында еден жуушы. Үлкен ағам Жезқазған қаласындағы әуежайдың байланыс саласында жұмыс iстейдi. Екiншi ағам студент,   Тараз қаласында оқи­ды. Әпкем тұрмысқа шыққан, үй шаруасында.
– 2013 жылы өткен жас­өспiрiмдер арасындағы әлем чемпионатына нелiктен жо­лың түспедi?
– 2013 жылы АҚШ-та өткен жасөспiрiмдер арасындағы әлем чемпионатына барғым-ақ келген. Бiрақ түрлi халықаралық додаларда жинаған ұпайым төмен болды да, бапкерлер әлем чемпионатына Қанат Сейiлханды белдестiрдi. Менi Азия чемпионатына қатыстырды. Мен Азия чемпионы болып оралдым, Өкiнiшке қарай, Қанат әлем чемпионатынан құралақан қайтты.
– Биыл жазда Чехияда өткен Еуропа кубогында жеңiмпаз атандың.
– Иә, Прага қаласында өткен Еуропаның ашық кубогында алтын медаль иелендiм. Сол кезде бапкерлерiме: "Күзде өтетiн әлем чемпионатынан да алтын медаль олжалаймын” деп сөз бердiм. Аллаға сансыз шүкiр, уәдемдi орындадым.
– Түрлi халықаралық са­йыстарда жеңiске жеттiң ғой. Дегенмен де әлем чемпионы атанған сәттегi сезiм қалай болады екен?
– Сенесiз бе, Абу-Даби қаласында әлем чемпионы атанған сәтте әнұранымыз шырқалып, көк туымыз өзгелердiң байрағынан биiкте көкке өрлеп бара жат­қанда арқамнан тоқ жүрiп өткендей болды. Ес бiлгелi өмiрiмде мұндай күй кешiрiп көрген емеспiн. Толқынысымды сөзбен айтып жеткiзу мүмкiн емес. Елге ұшып келгенде салтанатпен қарсы алған жанкүйер­лерiмнiң ыстық ықыласына кенелгенде де осындай күйге түстiм.
– Ендi Абу-Дабидегi белдесу туралы тарқатып айтсаң. 
– Бiрiншi айналымда өзбек Достон Рузиевтi жығу қиынға соқ­пағанымен, екiншi айналымда армян Ваган Ховсепянды ұтуға көп күшiмдi сарқыдым. Расын айту керек, әлем чемпионатының финалдық айқасында бұлай әлсiрегем жоқ, ал Ховсепянмен күрескенде сiлелеп қалдым. Ол физикалық тұрғыдан да басым болды, техникалық әлеуетi де орасан екен. Төрт тағандап күресуде шаршатып, ұпай еншiле­генiмнiң арқасында жеңiске жеттiм. Осы армениялық балуанмен белдесуде ауырту әдiсiн қолданып, қолымды қайырып жiбердi. Қателiк өзiмнен кеттi, сәл босаңсып едiм, оңтайлы сәтте қолымды бұрап, жаным мұ­рнымның ұшына келдi. Же­ңiлсем, әлем чемпионатының медалiнен айырылам. Намысқа тырысып, жанталаса қарсы әдiс қолданып, шеңгелiнен құтылдым.
Менiң салмағымда (55 келi) Ховсепяннан гөрi әзiрбайжандық Натиг Гурбанли өте мықты. "Гурбанлидi жықсам, қалғандары қиындық туғыза қоймас деген ем. Қайдағы, Ваган Ховсепян да өлiспей берiспейтiннiң нағыз өзi екен. Натигпен ширек финалда жолымыз түйiсiп, жеңiске жет­тiм. Жартылай финалда грузин Ираклий Купанадземен, финалда белдескен оңтүстiккореялық Ха Рим Лимен күрескенде олардың қандай амал-айла қолданатынын алдын ала сезiп, қарсы тәсiлмен қарымтасын қайтардым.
– Елiмiзге әлем чемпионы атанып оралдың. Мағжаннан гөрi әлем чемпионы Мағжан деген әлдеқайда қуатты, әсерлi естiлетiн шығар.
– Бiлмедiм, мүмкiн әлем чемпионы атанғанымды әлi толықтай сезiне алмаған шығармын. Ұққаным, ел мерейiн тасытсаң, халқыңның алақанында болады екенсiң. Сый-сияпатын да көрiп жүрмiз. Ата-анаммен бiрге Қызыл­орда облысының әкiмi Қырымбек Көшербаевтың қабылдауында болып, алғысын алдық. Облыс әкiмдiгi сегiз жүз мың теңге сыйақы бердi. Ата-анам да, бапкерлерiм де, жанкүйерлерiм де босаңсымау керек дейдi. Расында спортта айылыңды сәл босатсаң, қарсыласың аударып кетедi. Сондықтан әлем чемпионымын деген атақты малдануға әсте болмайды. Арманым – 2020 жылы Токио қаласында өтетiн жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы атану. Сол мақсатқа жету үшiн аянбай еңбектенiп, тер төгу керек.
– Арманыңа жет, Мағжан!
Сұхбаттасқан: Қ. Жәнiбек,
(«Жас Алаш») 
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: