Ойынның 17-минутында алматылық команданың жаңа ойыншысы Джордже Деспотович соққан гол «Қайрат» - «Қайсар» кездесуінің тағдырын шешіп кетті. Қызылордалықтар бұл ойында қанша жерден қарқынды шабуылдап, қажырлы команда екендігін көрсеткенімен «Қайратқа» қауқар көрсете алмады.
Алматының Орталық стадионында өткен ойын осылайша алаң иелерінің жеңісімен аяқталды. Дегенмен, жерлестеріміз де қарап қалған жоқ. Қарсылас сапындағы айбарлы футболшылардың аттарына қарамай, барынша қарсылық көрсетіп, қарымта шабуылдарды тиімді пайдаланып жатты. Әсіресе, қорғаныс шебіндегі футболшылар жарады. Рас, Деспотовичтің баспен соққан добын жіберіп алды. Алайда одан өзге қателіктерге бой алдырған жоқ. Алматылық команданың шабуылшыларын тұсап ұстап, қақпаға соққы жасатпады. Қақпашы Кирилл Прядкиннің де жанкештілігін атап өткеніміз жөн. «Қайрат» шабуылшылары «қайсарлық» қорғаушылардан өте алмай, допты алыстан бағыттап жатқанда кеудесін тосып, «теңбіл снарядтарды» қақпаға жолатпаған осы – Прядкин. Иә, тек шабуылда ғана шеберлік немесе сәттілік жетіспеді. Әйтпесе, Алматыдан да ұпай алып қайтуға болар еді.
Айтпақшы оңтүстік астанада командамызды қолдаусыз қалдырмаған «Қайсардың» Алматыдағы жанкүйерлеріне де ерекше алғыс. Олардың дауыстары тіпті, «қайраттық» фанаттарды да басып кетіп жатты.
Енді командамыз келесі ойынын 18 шілде күні Қызылордада өткізеді. Сыр еліне қонаққа Қостанайдың «Тобылы» келмек.