Қазан айында Қызылорда қаласында жаңа ипподром ашылмақ. Өткен жылдың қыркүйек айында көшпенділердің ойынын сәтті жаңғыртып, көрігін қыздыру үшін жаңа ипподромның құрылысы басталған болатын.
Қазір нысан бәйге, көкпар және басқа да жарыстар өткізуге сақадай сай тұр. Қазан айында ресми ашылуы болады деп жоспарлануда.
Дәлірек айтсақ, ипподром Қызылорда қаласының оңтүстік бөлігінде, Сырдария өзенінің сол жағалауында «Самара-Шымкент» трассасының бойында Сабалақ ауданында 57 гектар аумақты алып жатыр. Бас мердігері – «Конструктив» серіктестігі. 3000 орындық ипподром стандарттық талаптарға сай салынған. Нысан құрылысына 778,269 миллион теңге жұмсалды. Ипподромда автотұрақ, шаруашылық аймағы, су жинау құрылғысы бар. Жалпы көпшілікке арналған трибунадан бөлек, екі қабатты ғимарат – VIP-ложа да салынған. Ал ат шабыс алаңы – 790,0х290,0 өлшемді. Ат шабыс жолының ені – 18,0 м, ұзындығы – 1854,0 м. Жол жабыны қиыршық тасқа топырақ пен құм қосылған. Жолдың жиегінде арнайы жасалған пластик қоршау орналасқан.