Ауыр атлетикадан қос дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильин алдағы мақсаттарымен бөлісті. Бұл жайында Seykhuninfo.kz ақапараттық агенттігі Проспорт-Қазақстан газетіне сілтеме жасап хабарлайды.
Аталмыш басылым журналисі оған "Сіз Риодағы дүбірлі додадан бөлек 2020 жылғы жазғы Олимпиадада ойын көрсетуді қалайсыз. Ал 2021 жылға қандай жоспарыңыз бар?" деген сауал қойған. Бұл жөнінде Сыр саңлағы "Оған әлі біршама уақыт керек. Сондықтан әзірге жоспар жасамай қоя тұралық. Мен әрқашан алға қойған мақсатымды орындауға тырысамын. Ешқашан бір орында тұрып қалғым келмейді. Бұған дейін БАҚ өкілдеріне айттым, мемлекеттік басқару академиясына оқығым келеді. Онда мемлекеттік деңгейдегі топ-менежерлікті игергім келеді. Ол жаққа бекер баруды қаламаймын. Ең болмағанда министрдің отандық спортты дамыту тетіктерін шынайы басқара алатын көмекшісі болсам деймін. Спорттық карьерамды аяқтағаннан кейін де еліміздің спортына үлкен үлес қосқанды қалаймын. Болашақта Қазақстан Республикасының спорт министрі болуды мақсат тұтамын" деп ағынан жарылған екен.