Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

"Сбербанк" кубогының" іріктеу додасы мәресіне жетті

"Сбербанк" кубогының" іріктеу додасы мәресіне жеттіҚызылорда қаласында «Сбербанк» кубогына арналған балалар арасындағы турнирдің іріктеу кезеңі аяқталды. Енді финалдық ойындар қазанның 31-і мен қарашаның 1-і күндері өтеді.
Жарысқа қаланың 38 орта мектебі қатысуға өтініш білдірген. 2006 жылғы жеткіншектер арасындағы турнирдің бірінші кезеңінде 7 топқа бөлінген командалар алдымен аймақтық турнирлердің жеңімпаздарын анықтады.
Қаланың жеті аймағына бөлінген топтардың әрқайсысында жеті-сегіз командадан бақ сынап, үздіктері іріктеліп шыға берді. Осылайша №5 орта мектептің алаңында өткен топта №1 орта мектептің балғын балаларына қарсылас шақ келген жоқ. Барлық қарсыластарын қапы қалдырған олар енді финалдық кезеңде бақтарын сынап, бас жүлдеге таласатын болады. Одан бөлек, №173, №222, №235, №198, №9 және №176 мектептердің ұландары өзгелерден озық шығып, аймақтық кезеңдердің жеңімпаздары атанды. Ал финалдық кезеңде сегізінші команданы іріктеу кезеңінен өте алмаған мектептердің үздік ойыншыларынан жасақталған құрама команда құрайды.
Иә, жалпы балалардың футболы өте қызық. Әсіресе, теңбіл допты бірінші рет теуіп тұрған өрендердің ойынын тамашалау – көз тойып, айыз қанар бір ғанибет. Кім біледі, бәлкім, «Қайсар» футбол клубының болашақ жұлдыздары осылардың арасында жүрген шығар. Өйткені, турнир қорытындысы бойынша, өздерін жақсы қырынан көрсеткен балалар «Қайсар» футбол орталығына қабылданып, футболмен кәсіпқой деңгейде айналысуға мүмкіндік алады.
-Әлбетте, осындай турнирдің ұйымдастыруға мұрындық болып отырған «Сбербанк» Қызылорда қалалық филиалына алғыс білдіреміз. Мұндай жарыс өңірімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Бірақ дәстүрлі түрде өтеді деген үміттеміз. Енді осы жарыстың қорытындысы бойынша, өздерін жақсы қырынан көрсеткен 40 шақты баланы «Қайсар» футбол орталығына қабылдауды жоспарлап отырмыз. Жартысын қалалық филиалдарға жібереміз де, ең үздіктерін бас орталыққа қабылдаймыз, - деді турнир туралы пікірін білдірген Қазақстан футбол федерациясының техникалық директоры, оңтүстік орталықтардың кураторы Евгений Булгаков.
Естеріңізге сала кетейік, аталмыш турнир «Қайсар» футбол клубы, Қызылорда облыстық футбол федерациясы және «Сбербанк» Қызылорда қалалық филиалының арасындағы үш жақты Меморандум аясында ұйымдастырылуда. Турнир алдында үш тараптың басшылары облыста балалар футболын дамытуға байланысты Серіктестік меморандумына қол қойған болатын.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: