ҚАЗАҚСТАН 2026 ЖЫЛЫ ФУТБОЛДАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫН ӨТКІЗЕ МЕ?
ФИФА президенті Джанни Инфантино Уругвайға жасаған сапары барысында футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатын өткізуге үміткер елдерді атап өтті. Бұл жайында Seykhuninfo.kz ақпарат агенттігі мәлім етті.
ФИФА басшысы Уругвай Президенті Табаре Васкеспен кездесу барысында ӘЧ-2030 доп додасын Уругвай мен Аргентинада өткізу идеясына қолдау білдірді. Сол жылы алғаш рет әлем біріншілігі Уругвай жерінде өткізілді. Атаулы оқиғаға 2030 жылы тұп-тура бір ғасыр толады. Алғашқы әлем чемпионатында аталмыш екі елдің құрамалары ақтық сайыста кездескен еді.
«Дегенмен, біз алдымен ӘЧ-2026 турнирін ойлауымыз тиіс. Қазірдің өзінде оны өткізуге ниет етіп отырған мемлекеттер баршылық. Атап айтқанда, олардың қатарында Канада, Мексика, Колумбия, Марокко, АҚШ, Англия, Қазақстан бар. Сондай-ақ, Австралия мен Жаңа Зеландия, Түркия мен Әзірбайжан бірлесіп дүбірлі доданы өткізуге назар аударып отыр» деді Инфантино.