Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Щербаченко "Қайсардың" шабуыл шебін күшейтті

Щербаченко "Қайсардың" шабуыл шебін күшейттіҚазақстан Премьер-лигасының екінші кезеңі басталды. Өз алаңында «Таразды» қабылдаған Қызылорданың «Қайсары» 90 минуттың 90 пайызын шабуылда өткізгеніне қарамастан 0:0 есебімен тең түсті.
«Қайсар» (Қызылорда) – «Тараз» 0:0
Ескертулер: Розыбакиев, 41. Кнежевич, 62 – Әмірханов, 26. Башлай, 36.
Қызыл қағаз: Сергей Кейлер, 26 – Изу Азука, 26.
Жаңа бапкер, жаңа рух – бірінші минуттан бастап жанкешті ойынға кіріскен алаң иелері қонақтарды айып алаңынан шығармай, тықсыртып тастады. Тіпті, әдетте өздерін шабуылда патша Олександр Пищур мен Альмир Мухутдинов те артық қозғала алмай, ұясынан құлап түскен торғай балапандары ұқсап, шыр-пырлады да қалды. Ал «Қайсардың» әр шабуылы жай оғындай өткір еді. Оң қапталдан ойқастаған Жасұлан Молдақараев, сол қапталды толығымен иелігіне алған Антон Матвеенко қорғаныстан шабуылға, шабуылдан қорғанысқа құстай ұшумен болып, «Тараз» қорғаушыларын әбден састырды. Йосип Кнежевичтің де пастары тамаша еді. Ортада дирижердің рөлін атқарған хорватиялық легионердің бір пасынан кейін доп қонақтардың қақпасында тулап жатуы тиіс еді, өкінішке қарай, Римо Хунттың аяғы допқа сәл жетпей қалды. Иә, «Қайсардың» бас бапкері Федор Щербаченко Қызылордаға келіп, берген алғаш сұхбатында «Менің командам шабуылда ойнайды» деген еді, бүгін сөзінде тұратындығын дәлелдеді. Үш шабуылшымен алаңға шыққан қызылордалықтар қорғаушысы қызыл қағаз алып, алаңнан аластатылғанда да бастапқы тактикасынан тайған жоқ. Екінші таймды да толығымен алғы шепте өткізді. Георгий Каранейчевте гол соғатын тамаша екі мүмкіндік болған еді, біріншісінде допқа басы дұрыс тимей қалса, екіншісінде шалқалай құлап, қайшылата тепкен добы әлсіздеу болып қалды.
Иә, гол көрген жоқпыз. Ойын 0:0 есебімен тең аяқталды. Бірақ бүгін «Қайсар» жанкүйерлерге ұнайтын ойын көрсетіп, көрерменнің көзайымына айналды. Жеңістер әлі-ақ келеді деп үміттенеміз.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: