Орта салмақта WBA (Super), WBC және IBF бойынша әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Геннадий Головкин көптен күткен арманы жақында орындалатынын айтты, деп жазады sports.kz. Бұл жөнінде ҚазАқпарат мәлім етті.
Спортшының айтуынша, ол Англиядағы жанкүйерлерін жақсы көреді екен және Ұлыбританияда жекпе-жек өткізу- оның армандарының бірі. Ол бірнеше рет Ұлыбританияда кездесу өткізуге тырысқан, алайда оның көптен күткен жекпе-жегі енді ғана болады.
Айта кетейік, 10 қыркүйек күні Лондонда Геннадий Головкин мен британдық жартылай орта салмақ боксшысы Келл Брук арасында жекпе-жек өтеді.
«Маған Ұлыбританияның жанкүйерлері ұнайды. Ол жақтың адамдары боксты түсінеді. Мен бірнеше рет Том Леффлерден сол жерде кездесу ұйымдастыруын сұрадым . Юбенкпен немесе Билли Джо Сондерспен жекпе-жек өткізгім келді. Алайда, Лефлер маған біз олармен уақыт жоғалтып алғанымызды айтты. Енді бізде Брукпен келісім бар. Мен бұл жекпе-жекке қуана келістім. Мен Брукты сыйлаймын, ол жақсы боксшы», - деді Головкин.