Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

ҚАНАТ ИСЛАМ ЕКІ ҚОЛЫН ЖАРАҚАТТАП АЛҒАН

ҚАНАТ ИСЛАМ ЕКІ ҚОЛЫН ЖАРАҚАТТАП АЛҒАН

 

Алматыда өткен бокс кешінде Қанат Ислам екінші раундта екі қолын да жарақаттап алған. Бұл туралы боксшының жетістіктерін кеңінен насихаттап жүрген журналист, блогер Берік Сұлтан facebook-тегі парақшасында жазды. Аталмыш хабарды dodasport.kz таратты.
«Шүкір, Қанат Исламның жекпе-жегі жоғары деңгейінде өтті. Қанат таза жеңді, мұны боксты түсінетіндердің барлығы біледі. Бірінші раундтан бастап соңғы раундқа дейін бірінші болып бокстасты. Иә, Қанаттан нокаут күттік. Қобалжыдық. Уайымдадық. Сіздер көрмеген, бірнәрсе айтайын. Жекпе-жек біте салып, раздевалкаға кеттік. Бинтті шешті. Екі қолы ісіп кеткен. Екінші раундта екі жұдырығын бірден жарақат алды. Қарсыласы өте қолайсыз, әккі боксшы. Көрдіңіздер. Небір қуылықтар жасады. Соған қарамастан, Қанат 12 раунд бойы бірінші болып жұдырық жұмсап, бұрыштан бұрышқа қуып жүріп сабады. Бұл ерлік. Қазақтың намысы. Қазақтың Қанатының жеңісіне әр қазақ қуанды. Аренада боксты 15 мыңнан астам адам тамашалады. Ине шаншар орын болған жоқ. АҚШ-тан келген продюсерлер, бокс ұйымдастырудың бас-қасында жүрген мамандар қазақтарға дән риза болды. Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып қатты қызығып кетті. Негізі мұндай деңгейде болады деп күтпеген екен. 2 ай жүгірген еңбек ақталды. Кәсіби деңгейде(келген адамдардың барлығы осылай айтты) 2 баспасөз маслихаты және ашық жаттығуы өткіздік. Салмақ өлшеу рәсімінің қандай қызық болғанын білесіздер. Бұйыртса әлі талай мықты дүниелер жасалады. Қазақтың бағына туған Қанат Ислам біз үшін тек боксшы емес, ұлттың қамын жейтін жастардың келешегіне алаңдайтын жаны да қаны да қазақ нағыз патриот азамат. Неге халық Қанатты жақсы көреді? Себебі Қанат халқын сүйеді. Әр қазаққа жаны ашиды. Әр қызды қарындасым, әр ұлды ағам інім деп қарайды. Қазақтың Қанаты талмасын, Алла қуат берсін. Көзден тілден сақтасын! Бокс кешін ұйымдастырған спорт жанашыры Бауыржан Оспанов ағам туралы бөлек пост жазамын. Әр қалталы азамат Бауыржан Оспановтай болса ғой, шіркін! Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбек ағам да кештің жоғары өтуіне бар жағдайды жасап берді. Мықты әкім екенін тағы бір дәлелдеді. Қазақ біріксе тау қопарады. Алла бірлігімізден айырмасын», -деп жазды Б.Сұлтан.
Естеріңізге сала кетейік, Қанаттың Ганадан келген Патрик Аллотеймен жекпе-жегі 12 раундқа созылды. Екі боксшы да аянып қалмады. Ұпай айырмашылығымен жерлесіміз жеңіске жетті. Осылайша, Қанат Ислам кәсіпқой бокстағы 22 кездесуін жеңіспен аяқтап отыр. Ал Патрик Аллотей осымен үшінші рет жеңіліске ұшырады. Жалпы шаршы алаңда 37 кездесу өткізген. Оның 34-інде қарсыластарынан басым түскен. Нокаут саны – 24.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: