Коронавирус: «Қайсардың» легионерлері елдеріне қайтарылған жоқ
«Қайсар» футбол командасындағы легионерлер де елдеріне қайтарылған жоқ. Команда ойыншылары онлайн режимде жаттығу жасауда. Бұл туралы Өңірілік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жақсылық Оспанов баяндады.
« Спортшылар күн сайын таңертең 8.00-ден бастап, кешкі 20.00-ге дейін үйден шықпай, дене жаттығуларын жасап, шеберлік класстарын әлеуметтік желіде көрсетуде. Сонымен қатар, ауыр атлетикадан 4 дүркін Әлем чемпионы Илья Ильинмен «Карантиндегі спортшы» тақырыбында жаттығу тікелей эфирде ютуб арнасында көрсетілді»,-деді Жақсылық Әбдімәлікұлы.
Елімізде төтенше жағдай жарияланған күннен бастап, әртүрлі ауқымдағы (түрлі деңгейдегі) спорттық іс-шаралар тоқтатылды. Сондай-ақ, отандық спортшылардың өзге елдерге халықаралық жарыстарға және оқу-жаттығу жиындарына шығуына тыйым салынды.
Төтенше жағдайға байланысты наурыз, сәуір айларында өңірде жоспарланған облыстық, республикалық жарыстардың уақыты екінші жартыжылдыққа шегерілді.
Сондай-ақ, 25-26 сәуір күндері таеквондодан жастар арасында облыстық жарыс және 27-28 сәуір күндері каратэ-додан жасөспірімдер арасында ката бағдарламасы бойынша онлайн жарыстар өткізіледі.
Мұнан өзге, карантин аяқталғаннан кейін барлық спорттық шаралар мен оқу-жаттығу процестері күнтізбелік жоспарға сәйкес, әрі қарай жалғасатын болады.