Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

Қабыл ата

Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында әрбір халық пен өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болатынын, оны сол халықтың әрбір азаматы білетінін айтып өтті. Бұған қоса: «Туған жердің тарихын, тау-тасын, өзен-көлін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс» деген еді.
Сондай-ақ, Елбасы Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы екенін назарға алды.
Сыр бойында да рухани қайнар бұлақ болатын киелі мекендер бар. Солардың бірі Шиелі ауданындағы – «Оқшы ата» кесенесі. Ол – бүгінгі «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тас жолы бойында орналасқан. Тарихы тереңнен сыр шертетін киелі орынның тұсынан өткен жұрт тоқтап, дұға бағыштап өтеді.
Қазақ тарихында Сыр өңірі тарихының алар орны ерекше екенін айтып жүрміз. Бұл өлкеде 3 үлкен зиярат кешені болған. Бүгінгі тілмен айтқанда - пантеондар. Оқшы ата мазаратында қазақтың жеті бірдей әулиесі, сөзге шешен би-датқалары мен батырлары мәңгілікке байыз тапқан.
Жалпы, тарихшы ғалымдарымыз «Оқшы ата» мазараты Қожа Ахмет Иассауи кесенесі салынып, сол жерге қазақтың зиялы азаматтарын жерлей бастағанға дейінгі уақытта Сыр бойы халқының игі жақсыларын – көсемдері мен әулелерін, батырлары мен шешендерін жерлеген қорым (пантеон) болды деген пікір айтып жүр. Бұл жерді жергілікті халық әулиелер ордасы деп те атайды. Түрколог-ғалым Ә.Қоңыратбаев атап көрсеткендей, ХІV ғасырда Қожа Ахмет Иассауидің даңқты кесенесін Ақсақ Темір салғанға дейін осы Оқшы Ата жері ежелгі Тұранның, оғыздар мен түркі қыпшақтарының игі көсемдерін, әулие көрегендерін, батырлары мен шешендерін жерлеген қорымы болған екен.
Қазақстанның қай жеріне барсаңыз да Түркістаннан басқа жерде бір қорымда осынша киелі кісі жерленген зиратты таппайсыз. Тіпті, Маңғыстаудың өзінде әулиелер әр жерге қойылған. Міне, осындай ежелгі қабірстанда жатқан ел қадірмендерінің белгілісі, мазары бұзылмай жеткені жеті кісінің кесенесі. Олар – Оқшы ата, Асан ата, Ғайып (Қайып) ата, Қыш ата, Кітап ата, Қабыл ата, Есабыз әулие. Жеті санын қасиетті тұтатын халқымыз бұған да ерекше мән береді. Біз осы Оқшы ата әулиелер мазаратындағы тарихи тұлғалар турады мақалар сериясын жалғастырамыз. Бүгін осы мазараттағы Қабыл ата кесенесіне тоқталамыз.
Қабыл ата от ауызды, орақ тілді шешен, аузының дуасы бар батагөй, айтқаны мүлт кетпейтін кісі болса керек. Берген баталары әрдайым қабыл болып тұрғандықтан, осы жанама атқа ие болды ма, әлде бұл өзінің шын есімі ме, белгісіз.
Қабыл атаны да XІ ғасырдан бергі уақытта ислам діні Сыр еліне сіңген кезде өмір сүрген деп жорамалданады. Өйткені, Қабыл араб сөзі, есімі арабша қойылған. Кесенесінің сыртқы пішініне қарап, оның өте ескі зират екенін пайымдауға болады.
Жалпы, «Оқшы ата» әулиелер мазараты бір қарағанда шағын мекен болғанымен, бүкіл қазақ жеріндегі, Орта Азия аумағындағы аса қасиетті орындардың бірінен саналады. Оқшы ата бабамыз халық қамы, халық болашағы үшін арпалысып өткен тарихи тұлға.
Тағы да оқыңыздар:
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: