Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

«Алпамыс батыр» жырынының тарихи-этникалық тегі

Түркі халықтарына кеңінен таралған «Алпамыс батыр» жырының қазақтар мен өзбектерде он бір, қарақалпақтарда 5 нұсқасы, татарларда «Алпамша», башқұрттарда «Алпамыш», алтайлықтарда «Алып-Манаш» деп аталатын ертегілері бар екен. Ғалымдар қоңыраттың рулық эпосы деп таныған осы жырдың Желеу ақыннан жазып алынған Майкөт-Сұлтанбек нұсқасы жыр сюжетінің шынайы бастау алған жергілікті, толық жырланған алғашқы түрі деп саналады. 
Эпос эпикалық батырлар жыры дәстүрінде ауыздан-ауызға таралып, айтылып келгендіктен онда көркемдеуші элементтер: монолог, диалог, айтыс, әсірелеу (гипербола), теңеу, эпитет, метафора, мифтік образдау кеңінен пайдаланылған.Жырдың шығу тегі мен мерзімінің зерттелуіне 1815 жылы Дрезден, 1956 жылы Ватикан кітапханалары қорынан табылған Қорқыт ата кітабының XVI ғасырдағы араб алфавитінде түрік-азербайжан тілдері диалектісінде жазылған көшірме қолжазбаларының зор маңызы болды. Ондағы 12 жырдың бірі Бай-Бурабек баласы Бәмсі-Бейрек жыры «Алпамыс батыр» эпосының көне бір нұсқасы болып шықты. Кітап цикліндегі өзге екінші және он екінші жырлар сюжеттерінде де Бәмсі-Бейрек араласып жүреді. Осыларға орай жүргізілген зерттеулерге сүйенген филология ғылымының докторы, белгілі ғалым Р. Бердібай төмендегіше пікірін білдірген. 
«Кейбір ғалымдар «Алпамыс батыр» эпосының шығу датасын анықтау жөнінде сөз қозғап жүргенін білеміз. Бұл ретте қазақ эпосының (мұның қарақалпақ, өзбек нұсқалары да бар) жасын өзімен сарындас Қорқыт жырымен деңгейлес мөлшерде алып қарау керек болатыны түсінікті. Сонда «Алпамыс батыр» тарихы 1200-1300 жылға баратын болады». Шынына келгенде, «Алпамыс батыр» эпосының шығу тегі мәселесін қоңыраттар және Қорқыт абыз жайлы шынайы тарихты дәл анықтап, зерттеп білмей жатып шешу мүмкін емес. Олай болмаған жағдайда Алпамыс жайлы әңгіме айту бос әурешілік болар еді. Қоңыраттар жайлы аз да болса түсінік болуы үшін қазақ халқының этногенезін зерттеуші ғалымдарымыздың бірі, филолотия ғылымдарының докторы, профессор Ә. Қоңыратбаевтың «Көне мәдениет жазбалары» кітабында төмендегіше жазғанын келтіре кеткеніміз жөн. «Қазақ этногенезін құраған кәрі тайпалардың бірі – қоңырат (Қай, Қият). Қоңыраттар Орта Азияда Афрасияб кезінен бері тұрған. Олардың мыңдық аталатын бөлігі (Әму, Байсын) өзбек этногенезін жасайды. Қият, Қай Анатолия түріктері арасында да бар». Қоңыраттардың «Қай», «Қият» аталуы бір кездері Алтайдан шыққан Солтүстік және Оңтүстік топтағыларының жауларына солай ұрандап шабуылдағанынан шықса керек. Байкөл (Байкал) маңындағы Ұранқай аймағы, Түркістан қаласы төңірегіндегі Оранғай деген жер аттары содан шыққан. Осы тайпа жайлы білу үшін кем дегенде академик Т. Е. Грумм-Гржимайлоның «Западняя Монголия» и Урянхайский край», Л. Гумилевтің, Рашид-әд-Диннің, Әбілғазы, т. б. тарихшылардың шығармаларымен және бұрын-соңды жарық көрген «Қазақ шежіресі», Қоңырат рулары шежірелері, өзге де ақпарат-мәлімет көздерімен таныс болу қажетті деп білеміз. Кезінде «Ана тілі» газетінің бас редакторы қызметінде жүріп, қазақтың рулық шежірелерінің жинақталуына көп еңбегін сіңірген, «Қазақ шежіресі» кітабын да шығарған Ж. Бейсембайұлының Ұлттық Энциклопедиямыздың (А, 1999) екінші томы 354-бетінде қысқаша төмендегіше мақаласы берілген. «Божбан – қазақ халқының құрамындағы ру. Шежіре бойынша орта жүздеті қоңырат тайпасынан таратылады. Шежірелік аңыздарда Божбан батырдан таралған ұрпақтар деген дерек бар. Божбаннан таралған белгілі адамдар арасында Байбөрі байдың баласы әйгілі Алпамыс батыр мен оның ұлы Жәдігер есімдері аталады. Божбаннан Қожағұл, Жәукім, Итемген, Құлым, Бекарыс, Тоқпақ, Жұмық, Ұржық аталары өрбиді. Ұраны - Алатау, таңбасы – босаға». Осыған ұқсас дерек көздері Қазақ Кеңес Энциклопедиясында да бар [1]. Негізінен, Божбан руының Құлым атасы ұрпақтары қоныстанған Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы Бірлік ауылында тұрған, шежірелі қарт, марқұм Мәнсүр атамызға 2001-жылы жолығып, энциклопедиялардағы мақалалар төңірегінде әңгімелескен едік. Сол кезде тоқсанның белесіне шыққан шежіре қарттың айтуынша, ХҮІІ-ХІХ ғасырларда жасап, дүниеден озған аталы-немерелі Шіңкәр-Орман-Міншәріптер қолында араб алфавитінде ата-бабалардан Құлым атасына дейін және соңғы ұрпақтарын олар толықтырып келген шежіресі болыпты. Шіңкәр кезінде Қоқан хандығы датқасының хатшысы (писарь) қызметін атқарған екен. Шежіре бойынша аталар: Сүйініш-Ікімілік-Есбатыр-Байбөрі-Алпамыс-Жәдігер-Жанайәлі-Теңіз-Жантақ... болып жалғасып, ел жадындағы деректер жазылып келіпті. Сол шежіренің негізгі данасы, Комвузда жер бөлімінде қызмет істеген ағайындар Алдан баласы Имахан және Есіркепов Рахымдар арқылы алынып, 1934 жылы Қазақ КСР Ғылым Академиясының тарихшы ғалымдарына табысталыпты. Мәнсүр қарт, жоғарыдағы деректердің сол шежіреден алынуы мүмкіндігін жоққа шығармайды. Сондай-ақ «Алпамыс батыр» жырының таралу географиясына сәйкес қоңыраттардың тұрақ ауыстыру, қоныстану іздері де жатыр. Ресми тарих қоңыраттың Қай, Қият аталған топтарының бір кездерде Чүбік атасынан таралған ұрпақтары басшылығында, Ғазнауи мемлекеттігін құрғандығын баяндайды. Олар 1043 жылдан соң Салжұқтардан ығысып, Әмударияның төменгі және орта ағысы бойында қоныстанған оғыздар ішіндегі туыстары арасына сіңген. Аңыздарды ресми тарих дерек көздерімен үйлестірер болсақ, Қорқыт атамыз Қаратаудан бастау алған Түркістан қаласының солтүстік-батысындағы Қарашық өзені бойында VI - ғасырдың соңғы ширегінде, ал Алпамыс батыр VII - ғасырдың екінші ширегінің бас кезінде туылып, өмір кешкендіктері анықталады. Тарихшы, Хиуа ханы Әбілғазының «Түркімен шежіресі» мәліметтерінде Қорқыттың әкесі қайы тайпасынан шыққан Қарақожа, шешесі қыпшақ қызы екендігі айтылады. Данагөй абыз қайы Инал ханның, інісі Көл-Еркінің, Инал ханның баласы Тұманның ақылгөй уәзірі болыпты. Айтылғандарды ресми тарихпен үйлестіріп зерделегенде, Қорқыт ата Естеми Жабғының шөбересі Нәлі ханның (Иал тегін) уәзірі болғандығы байқалады. Оғыздар Сыр бойына Батыс түрік қағанатының негізін салушы Естеми Жабғы әскерлерімен бірге келіп, 555-556 жылдары қоныстанғаны тарих деректерінен мәлім. Сондай-ақ, Түрік қағанатындағы «Ұлы жанжал» кезінде «Теріскей хандығы» билеушісі Апоханмен бірге 100 мыңға жуық адам 585-587 жылдары Сырдарияның орта ағысы және Бұқар жеріне ауып, орныққанын да білеміз. Осы жайлы Абул Хасан ан-Нишабуридың ел жадынан жинақталған «Білім қазынасы» еңбегі мәліметтерінен алып Наршаһи «Бұқар тарихы» кітабында 944-жылдары жазып кетіпті. Сол дәуірлердің куәсіндей аймағымызда Оранғай (Ұранқай), Жүгенек, Қарнақ (Қарғнақ), Шорнақ, Ордакент, Көктөбе, Абызтөбе, Қаратөбе, Келінтөбе, Ақтөбе, Мейрамтөбе, Балапантөбе мекендері мен бекіністері, Жиделі, Ордакент, Сығанақ, Шәуілдір, Оғызкент сияқты көне қала орындары, Қараспан, Қарашық, Оғыз жылғасы, Оғыз мүйісі аталатын жер-су атаулары бар. Есесіне, Түрік қағандығының «Теріскей хандығы» болған Ұранқай өлкесі жерінде (қазіргі Тува) Ноянкөл, Қаракөл, Сүттікөл, Кіндіктік көл, Шідерті тағы басқа көптеген жер-су атаулары болса, республика астанасы Қызыл қаласы, газетінің аты «Шын» екен. Айтар болсақ, Сырдариядан тартылып көне Сығанақ қаласына, екіншісі Алпамыстың жұбайы Гүлбаршын бейіті орнына тұрғызылған Көккесенеге бет алған тармақтары бар Тұман арығы сілемі осы күндері де байқалады. Аңызға қарағанда, арық 608-жылы Тұман хан әскерлерінің Тоғон елін шапқанда қолға түскен құлдар күшімен қазылған . Көңіл аударарлық жағдай, белгілі зерттеушілер П. Лерх 1867, К. Таранов 1885, Ә. Диваев 1920, В. Жирмунский 1951 жылдары жазғандары арқау етіліп, Қазақстанның археологиялық картасында Қорқыт ата бейіті орыны көрсетіліпті. Картада мазар орыны ауданымыз жеріндегі Көккесене ғимараты орнынан батысқа қарай бір шақырым, Шиелі станциясынан оңтүстік шығыста 26 шақырым жерде екендігі белгіленіпті [2, 113-б]. Көне дәуірлерге тән дүниетаным элементтері және шамандық наным қалдықтары жеткілікті Қорқыт абыз дәуірінде бастау алған «Алпамыс» жыры сан ғасырлар айтылып, өзінің даму барысында әртүрлі нұсқаларда күрделене түсетіні заңды құбылыс. Осы жөнінде әдебиетші ғалымдарымыз еңбектерінде атап өткен. «Осы ретте қай жырды алсақ та оның бірден күрделі, көлемді дәрежеде тумайтындығын байқаймыз. Бір батыр жайында ұзағынан айтылатын, сюжетке құрылған көлемді жыр бірден туған емес. Бұл жөнінде академик М. Әуезов қырғыз халқының «Манасы» жайында және қазақтың эпосы жөнінде жазған еңбектерінде батырлар жырының қайсысы болса да алғашында жеке оқиғаларды суреттеуден туады дейді. Ең әуелі жырға батырдың бір-екі ерлік ісі қосылуы мүмкін» [3. 110-111-Б]. «Алпамыс батыр» эпосының да тарихи шығу тегінде қарапайым қысқа сюжет жатыр деп ойлаймыз. Жырдың әртүрлі нұсқаларын салыстырған кезде оларға ортақ жалпы көне элементтер айқындала түсетіні көрінеді. Эпостан табылатын варианттардан ол ортақ элементтер: Байбөрі бай, пірі – Бабай түкті шашты Әзиз, Алпамыс батыр, Байсары (Сарыбай), қызы Гүлбаршын сұлу, құдандалық болу салты, Жиделі Байсын жері, қоңырат елі, Тайшықтың жылқыларды барымталауы, жылқы алған жау артынан аттанған Алпамыстың тұтқында жатып, жеті жылдан соң елге оралуы, батырдың елдегі озбырлықтарды жоюы. Осындағы жылқыларды барымталатқан, елге жауыққан Тайшық хан кім? Ол Алпамыс сияқты батырды жеті жылдай тұтқында ұстай алған ба? Жауап берсек, Тайшық моңғолдар мен қалмақтардың «тайджи» немесе «тайчжи» – тайпа көсемі деген сөзінен шыққан деп, жыр сюжетін бергі замандарға телудің жөні жоқ. Өйткені Қорқыт заманында түркі халқы қазақ, қалмақ деп бөлінбетен. Сондай-ақ, тарихшы Ә. Хасенов ұлттық энциклопедиядағы мақаласында айтқандай Тайшық атауы шүршіттердің Тайчу деген билеушісі атынан шыққан, Алпамыс батыр б. з. б. 97-жылы олардың жалпы саны 210 мың әскерлерімен соғысып талқандаған түркі қолбасшысы деген пайымдауының да дәлелденетін негізі жоқ дей аламыз. Өз ортасында алғырлығы, әділдігі және қайырымдылық іс-әрекеттерімен танымал болған қытай императоры Ли Ши-Минь (626-649) Тай Цзун лауазым атағын 626-жылы қабылдайды. Сол тұста Батыс түрік қағандығында Нишу Дулыхан өліп, інісі Ышбара Төлісшад 634-639 жылдары таққа отырады. Одан әрі қағанатта бірнеше хандар ауысқан соң, 651 жылы билікке Естемидің ұрпағы Бөрішадтың баласы Халлығ келеді. Тарих құжаттарында Қойлы (Қойлық) аталған ол, өзін Ышбара қаған деп жариялап, ордасын Талас өзенінің оңтүстігіндегі (Түркістан мен Шаян аралығындағы) Мыңбұлаққа қондырады. Осы қаған «оң оқ тайпасы» көсемі ретінде шүршіттерге қарсы кеңінен соғыс жүргізіп, 652 жылы Бесбалықты қайтарады және Тинчжоу бекінісін талқандайды. Осы жайлар Тай-цзун императордың мұрагері Геоцзун кезінде қытайлар жағынан шұғыл қарсы соғыс қимылдарының жүргізілуіне соқтырады. Қытай сарбаздары 654 жылы түркі ел жерлеріне жабуыл жасап, 10 мыңнан аса жылқыларды айдап әкетеді. Ышбара қаған таңдаулы әскерлерін топтастырып қарсы соғысқа шығуға шешім етеді. Эпос сюжетіндеті Алпамыс батырдың Байсары қызы Гүлбаршынға үйленген соң барымталған жылқыларды қуып, әкесі Байбөрінің айтуымен Тайшық хан еліне аттануы желісі жоғарыда айтылған тарихи оқиғалар кезеңіне сай келеді дей аламыз. Тарихшы Л. Гумилевтің дерек көздеріне сүйенсек, қытай әскерлері қолбасшылығына Су-Дин-фан тағайындалған соң, оларға шекаралық аймақтағы ұйғыр әскерлері және Мише мен Бучжен аталған ағамандар бас болған түркілік тайпалар сарбаздары одақтасады. Эпоста олар қасында 40 қызы бар мыстан кемпір бейнесінде жырланады. Іле өңірінде қиян-кескі соғыс жүргізіледі. Қарсы жақтағы бауырластарынан (мыстан кемпір тарапынан) жаулық күтпеген Батыс түрік қағандығы әскерлері, тек қана ағамандар мен тархандарынан 200 кісі қапыда тұтқынға түседі. 
Ышбара хан әскерлері сарқыншағы кейінде соғыса жүріп, үш жылдан соң, яғни 658 жылы Эбинор көлі және Куча жанында біржолата жеңіліс табады. Қолға түскен Ышбара ханға рақымшылық жасалғанмен, қаған көп ұзамай 659 жылы құсадан қайтыс болады. Дербестігін сақтап қалмақ болған ең соңғы Нушеви бегі 660 жылы ұсталып бағындырылады. Әйтседе, оңтүстіктегі оғыз тайпалары 656 жылы-ақ қытайлықтарға қарсы ұлт-азаттық көтерілісіне шығады. Қарсылық қозғалысына 657-жылдан Ышбара қағанның қарындасы Бисуду басшылық жасайды. Әбілғазының «Түркімен шежіресінде» сөз болатын оғыз елінде бектік қылғған қыздар Сұндұн байдың қызы Қазан салор алытпың әйелі Алтын Гөздекі, Қармыш байдың қызы Мамыш бектің әйелі Баршын салор, Қайы байдың қызы Жауылдыр-Бала алыптың әйелі Шабаты, тағы басқалар жайлы әфсана оқиғалары сол дәуірлерде өткен сияқты. Алайда, күші басым жау қолымен 662-жыл соңында болып өткен соғыста қыздар бастаған әскерлер жеңіледі, өздері қашып құтылып кетеді. Сол жылғы қатты суықтан қытай әскерлері де көп шығынға ұшырайды. (Л. Гумилев, Көне түріктер). Осы оқиғалардан соң, елдер арасында біршама тыныштық орнап, тұтқындағыларға рақымшылық жасалып, Алпамыс батырдың 7 жылдан соң еліне оралуы бек мүмкін. Жырдағы талас тудырып жүрген атаулардың бірі Жиделі Байсын. Осы жайлы бірер сөз. Археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижесінде Түркістан қаласының солтүстік-шығыс бетінде 20-25 шақырым жерде Шаға өзені жағасында шахристан, цитадель, рабаты бар ұзыны 140, ені 70 метр келетін ертедегі қала орны анықталған. Оған іргелес ұзыны 55, ені 50, биіктігі 4 м жота төбешігі де зерттелген. Ғалымдар Жиделі төбе атаған сол көне кала орнына жақын мол сулы бұлақ жанында ұзыны 80, ені 40, биіктігі 4 метр келетін Бершін (Баршын) төбе де орналасқаны айтылады. Оңтүстік Қазақстан экспедициясының археолог ғалымдары 1969 жылы осы орындарға ғылыми зерттеулер жүргізіп, олардан табылған керамикалық бұйымдарын мерзімдеп , IV-VI және ҮІІІ-Х - ғасырларға жатқызған [4]. Байсын атауының түбірі Қытайдың солтүстік шетіндеті Бәй-Шань («Солтүстік таулар») тауларынан алынған дер едік. Өйткені, ертедгі қытай жазбаларында гаогуй, дили, теле, чылы аталғандар арасындағы ата-бабаларымыз Бәй-Шань таулары (Байсын) мен Байкөл аралығында малдарын бағып, биік доңғалақты арбаларымен көшіп-қонып ғұмыр кешкендіктері айтылған. (Грум-Гржимайлоның айтуына қарағанда түріктер қытайдың Нань-Шань (оңтүстік тауы) таулары солтүстігіне дейін көшіп баратын дәурені, Бәй-Шань таулары оңтүстігіне бойлай «қабырға дуалы (уткух) тұрғызылған соң, соңғы аталған жалаңаш тау жоталары өзінің маңызын жойған). Олардың малынан жұтағандары рудалы Алтай-Саян таулары аңғарларында метал өңдеу кәсібімен айналысқандары да анық. Таулардың терең мұздақты жыраларынан қайы (диназабр) қаңқаларын көріп таңданған, олардың айдаһар жыланды құдыретті кие тұтып, мал-мүліктеріне таңбасын салып, ұраны етіп алғандары да түсінікті. Сол ата-бабалардың қоныс аударған кейінгі мұрагерлері Куляб және Гиссар бектігі шегіндегі тау жотасына Байсын атауын берген. Естеми Жабғы әскерлерінің 565 жылы эфталиттерді талқандап, Сағдиананы бағынышты еткен соң, олардың сол жерлерге аяқ басқандары тарихи деректерден белгілі. Жоғарыда осы айтылған жайттар негізінде жырдағы Жиделі Байсын жері атауына зерттеушілер С. Сағитов, А. Нестеровтар пайымдағандай, қоңырат тайпасы рулары қоныстанған Әмудария мен Сырдария аралығындағы өлке жатқызылғаны тұжырымды. Сырдың орта ағысына оғыздардың алғашқы қоныстанған Қорқыт, Алпамыс батыр дәуірлерінде олардың қарсы бағытта да малдарын айдап, Қаратаудан өтіп, Сарысу өзенін бойлап Ұлытау, Торғай жерлеріне дейін жайлағанын іздерінде қалған жер-су аттары айғақтайды. Жужандықтарды қуған Естеми Жабғы және «Теріскей хандығы» билеушісі Апоханмен келген әртүрлі солтүстік тайпалары оғыздарының Батыс түрік қағанатының негізін салушылар болғанына талас бола қоймас. Фирдоуси мәліметтерінде Естеми әскерлерінің келген ізі ретінде Жетісу жері, Шу, Талас алаптары, Гүлзарунның солтүстікке бұрылғанынан төменірек жерде (Қараспан, Байырқұм) оны кесіп өтіп, Әмударияның орта ағысы бойына шыққандығы айтылыпты. Сондай-ақ, Естеми Жабғының эфталиттермен болмай қоймайтын соғысқа әзірлігін басқару Сырдың орта ағысы бойындағы қалаларда 558-565 жылдары өткендігін де айтуға болады. «Теріскей хандығы» оғыздарының одан соңғы қоныстаулары да осы ізбен өткендігі анық, Маниах соғдымен келген Византия елшісі Земархты және парсы елшілерін өзінің той жасап жатырған 568 жылдың күз мезгілінде, қағанат билеушісі өңірімізден қашық емес Талас алабындағы ордасында қарсы алғанын да тарих мәліметтерінен білеміз. Осыған орай Саудакент, Құмкент, Сүткент, Шәуілдір, Байырқүм, Түркістан қаласы маңындағы Оранғай, Жиделі төбе, Жүгенек, Қарнақ, Қарашық, Жаңақорған жеріндегі Қаратөбе, Қостөбе, Абызтөбе, Келінтөбе, Мейрамтөбе, Оғызкент, Сығанақ (Сұғ-он-оқ) қаласы бекіністеріне оғыздардың VI-VII ғасырларда отырықшылық жасағанын айта аламыз. Өйткені, олардың аталған мекендері орнына жүргізген археолог ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижесінде табылған керамикалық бұйымдары сол ғасырлар шетіне мерзімделген. Сырдың сол жағасында «Оғыз жылғасы» деген көне арна болса, Шалхия кенті тұсында «Өгіз мүйіс» (оғыз мүйісі) аталған биік тау жотасы бар. Оның біріншісін Сырдарияның төменгі бағытына өткен, екіншісін Қаратау кішігірім өзендері алабы арқылы көктемде теріскейдегі Сарысу бойына мал айдаған оғыздар атынан қалған деп айтуға да болар. Дрезден нұсқасынан ауытқымаған, итальяндық Ә. Росси тапқан «Қорқыт ата кітабы» екінші қолжазбасы, зерттеуші ғалымның пікірінше түрік-азербайжан тілі диалектісінде белгісіз автор арқылы XVI ғасырдың орта шенінде хатқа түскен. Осындағы «Қам Бурабекұлы Бәмсі-Бәрік туралы жыр» қазақтың «Алпамыс батыр» эпосының көне түрі емес, әдепкі сюжеті бойынша бір дәуірде бастау алған, Кавказ жерінде жырланған қатар нұсқасы дейміз. Ондағы басты тұлғалардың бейнесі, мақсат-мүдделері ұқсас болғанымен, оқиғалары өзгеше көріністегі сипатта өткен. Осы Қорқыт кітабы циклінде «Сыртқы оғыздардың ішкі оғыздарға қарсы бас көтеруі Байрақтың қалай өлтіргені туралы жыр» да берілген. Онда Қазан бектің бұрынғы тәрбиешісі сыртқы оғыздар бегі Аруз-қожаның өздеріне күйеу саналатын Байрақты шақыртып алып, қапыда оң жамбасынан қылышпен шапқаны баяндалған. Оғыз бектері Байрақты атқа мінгізіп, еліндегі үйіне жеткізгенде оның қайтыс болғаны, ата-анасы жұртына және Қазан бекке хабарланғаны айтылған. Осы жыр мазмұнынан Қазан-салор батырдың тегі жағынан сырт оғыздар өкілі болып, өзгешелігі ретінде Сыр бойына алғашқы келген қайы тайпасы жұртымен іргелес қоныстанғанын байқаймыз. «Алпамыс батыр» жырындағы Байбөрі байдың бесіккертпе құдасы Байсарының өкпелеп көшіп кеткенде, осы Қазан-салор еліне қоныстанғаны аңдалады. Кезінде көрнекті ғалым Ә. Қоңыратбаев пайымдағандай, Қазан батыр ауылының қонысы Шиелі ауданы жеріндегі Бестам, Бәйгеқұм Сырдың сол жағалауындағы кейінгі дәуір қаласы Асанас маңы болғаны болжалдалады. Осы аймақтағы Сырлытам мазарымен тарихшы-филолог 1973-74 жылдары танысып, төмендегіше жазған екен. «Мазардың есігі батысқа (құбылаға) емес, шығысқа қараған. Оның ішіндегі сегіз мола да шаман салтымен теріскейге қарата жерленіпті, Дөңгелек кірпіштен өрілтен екі босағаның арасына орнатылған ою-өрнек үлгілері түрікмендердің қалы кілеміне ұқсас. Босағаның сыртында құлаған сегіз айшықты мола жатыр. Бұл уақыт сынына төтеп бере алмаған Бәмсі-Бейректің (Алпамыстың) өз мазары болса керек. Егер жерленген жанның жамбасы сүйегінен қылыштың таңбасы табылса, біздің пікірімізде негіз болғаны. Ол енді антрополог ғалымдардың міндеті» [5, 131-б]. Аталған мазар жайлы мақаласында ішіндегі жазуына қарап, Каллаур оның салыну мерзімі 1279 жыл екендігін көрсетіпті. Ойымызша, Алпамыс пен Гүлбаршынның мәйіті батырдың қайын жұрты жеріндегі Сырлытам мазарында деуге дәлелді себеп немесе нанымды айғақ жоқ дейміз. Түркі жұртының берісі қазақтың рулық салт-дәстүрі өз сүйегін жат жерге жерлеуге берген емес. Осы негізде іздесек, Алпамыс батырдың моласы Көккесене жері немесе Жиделі төбе зиратында болуға тиіс. Арамызда «оғыздардың Мауереннаһер аймағына алғаш аяқ басуы VIII - ғасырдың аяғы» деп қате тұжырымдайтын авторлар сирек те болса кездесіп қалып жүр. Сондай-ақ Қорқытқа телінген бейіт орналасқан Қармақшы, хандар билеп астана болған Жаңакент жерлеріне оғыздар ІХ-Х - ғасырларда барғандықтан, Қорқыт ата мен Алпамыс батыр жасаған уақыт кезеңін кейінге шегеретін зерттеушілеріміз де аз емес. 
Шындығында Сыр бойына алғашқы қоныстанған жылдарынан соңғы VII -ғасыр басында-ақ оғыздардың Инал хандары бастаған Байбөрі және Байсары елдері малдарын айдап, көшіп-қонып Сарысу, Кеңгір өзендерін өрлеп «Сарын шоқысы», «Домбауыл дыңы», «Қорқыт су», «Қорқыт көл» «Баршын көл» жерлерін жайлағаны анық. Есесіне арадағы Қарақұм шөлейтін ескерсек, Жаңакент маңынан оғыздар көшінің ол жерлерге келуі нанымсыз Ғалым -жазушы А. Сейдімбек мәліметтеріне қарағанда «Қорқыт су» маңында екі өзеннің мол суы құмға сіңіп жоғалатыны «Су аяғы Қорқыт» немесе «Су аяғы құрдым» қанатты сөз тіркестерінің айтылуына себепші болған. Алпамыс батырдың піріне сиынып буырқанып, бұрсанып Бадамша сақауға айтқан: « Ей, ер Домбай, ер Домбай ! Шақырғанда кел, Домбай. Мұңлы менен шерлінің, Тілегенін бер, Домбай !» толғауы да ондағы «Домбауыл дыңы» жері атауымен байланыссыз емес Шежірелік аңыздар Гүлбаршын сұлуды алты ата Әлім ішіндегі кете шөмекей Байсары байдың қызы десе, қият Домбауыл сол елге шешесімен еріп келген Қарадомір атты баланың ұрпағы деп көрсетеді. «Қаратамыр өзің үшін Бозғыл бол!» афоризмі де ел арасында сол кезден тарапты. Қоңырат сөзінің этимологиясы хұн-тур-ат ретіндегі түркі сөздер үш буынынан біріккен деп ойлаймыз. Мұндағы хұн (ғұн, күн) Күнні балалары ұғымында болса, «тур» жинақтаушы, біріктіруші мағанасындағы сөз, ат-көпше жұрнақ. Өздерінің қоғамдық, рулық-патриархалдық қалыптасу дәуірінде ата-бабаларымыз Хуянь (Қиян) тайпалар бірлестігі құрамында болғаны қытай тарихшылары жазба деректерінде айтылған екен. Оларды малдарын бағып, көшіп-қону үрдісіндегі әлеуметтік жағдайларына қарай, қоңырат тайпасына ұйысқаны сол дәуірдің даму ерекшеліктеріне сай туындаған болса керек. Әйтседе өз дәуіріндегі тайпа немесе ұлтаралық соғыстар нәтижесінде олар ұлыстарға ыдырап, түрлі аймақтарға тарап кеткен. Моңғолда топтасқан қоңыраттар «көшпелі өзбектер» ханы Әбілхайыр билігінен кейін Бұдар, Хиуа, Қазақ хандығы құрамына бөлінгені белгілі. Жыршылар тарапынан «Алпамыс батыр» сюжетіне ендірілген кейінгі атаулар мен өзгерістер, эпостың поэтикалық көркемдеуші элементтерінің жетілдірілуі сол дәуірлерден бастау алған болса керек. Шежірелік дерек көздеріне қарағанда, каңлы жері болған аймағымызға алғашқы қоныстанған оғыздар арасында казақ болып қалыптасқан қоңыраттың Көтенші тармағынан бөлінетін Божбандар, Қожамберді (құйысқансыз), Құрбан ата (киікші), қара (үлкен, байырғы) қыпшақ тайпасы жекелеген және Әлім ішіндегі кете, шөмекей рулары ұрпақтары ата-бабалары болғандығы айтылады. Пікірімізше, Божбан этнонимі божы-ван (божы ұстаушы мырза немесе көш жетекшісі) сөздерінен құралған. Түркі халықтарының көне батырлық жырлары озық үлгісіне жататын «Алпамыс батыр» эпосы ата-бабаларымыздың ұрпақтарына қалдырған мәдени асыл мұрасы. Жырдың басты кейіпкері Алпамыс бейнесі халықтың арман-ойынан шығатын, тәуелсіздікті сүйіп, елі мен жерін жауларынан қорғаған, әділетсіз озбырларға қарсы, адамгершілік сананы биік ұстанатын, ұрпақтарға үлгі патриотизм рухындағы қажырлы батыр ретінде қалыптасқан. Сөз соңында айтарымыз, әлемге дерлік әйгілі Қорқыт абыз және Алпамыс батырға арнап аймағымыздан өтетін үлкен автотрасса бойынан мемлекеттік мәдени мұра аясында сәулетті монумент-ескерткіштер тұрғызылса еліміздің абройы болмақ.

Жасұзақ АМАНБАЙҰЛЫ, ҚР Журналистер Одағы мүшесі






Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: