Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

Қызылордада 150 ескерткіштің 3D форматтағы интерактивті картасы әзірленді

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қызылорда облысында 150 ескерткіштің 3D форматтағы интерактивті картасы әзірленіп, QR-код тақтайшалары орнатылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ержан Жеткерұлы мәлімдеді.
Бүгінде облыс бойынша 545 ескерткіш мемлекеттік тізімге енгізілген. Оның ішінде 30 республикалық, 257 жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер, ал қалған 258 нысан тарихи-мәдени мұралар. 
- Биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында ежелгі Бәбіш мола, орта ғасырлық Жанкент және Сығанақ қалашықтарына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Сандық технологияның соңғы үлгілерін енгізуде қарқынды жұмыстар бар. Ұялы телефон арқылы кез келген ескерткіштің тарихымен танысуға мүмкіндік жасаудамыз, - деді Ержан Жеткерұлы.
Жалпы аймақтағы тарихи-мәдени нысандардың зерттелуі, сақталуы, насихатталуы мен қалпына келтіру шаралары да қарқынды жүруде.
– Біз облыстың тарихи орындарын зерттеу, туристик әлеуетін арттыру және олардың инфрақұрылымын жетілдіру бағытында біршама көне қалашықтарға археологиялық қазба жұмыстарын жүргіздік. Соның арқасында орта ғасырлық қалашықтардың қабырғалары мен мұнаралары, кесенелердің орындары, қыш күйдіретін пештер аршылып, консервацияланды. Мәселен, Сығанақ, Жанкент қалашықтары қоршалып, стелалар бой көтерді. Жалпы, бұл жұмыстар халықтың өткенін ұмытпауға, ұлттың танымын кеңейтіп, тарихын тануда үлесі зор, – деді облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Сәбит Аманкелдиев.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: