» » ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ БЮДЖЕТІ – 218,7 МЛРД. ТЕҢГЕ

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ БЮДЖЕТІ – 218,7 МЛРД. ТЕҢГЕ

Айдар: Қоғам, Сонғы жаңалықтар
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ БЮДЖЕТІ – 218,7 МЛРД. ТЕҢГЕ 2017 жылы облыс бюджеті 209 млрд. теңге көлемінде бекітіліп, жыл басынан бері 3 рет нақтылау нәтижесімен 218,7 млрд. теңгеге жеткізілді. Яғни 10 млрд. теңгеге артқан. 
2017 жылдың 1 жартыжылдығында атқарған жұмыстары жайында бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Құлымбетова баяндады. 
Бүгінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі аясында облысымызда жалпы құны 21 млрд. теңгені құрайтын 24 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Жыл басынан бері 3 жоба бойынша келісім-шартқа қол қойылды. Олар «Тарлан» дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне сервистік қызмет көрсету, И.Тайманов көшесінде ауысымына 400 адамды қабылдауға арналған емхананы ашу, «Мерей» мөлтек ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін жалға алу.
Сондай-ақ, бүгін баспасөз мәслихатында облыстық қаржы басқармасының басшысы Талғат Жақыпбаев жартыжылдықта атқарған жұмыстары жайында мәлімдеді. Облыс бойынша 2017 жылдың 1 тамызына бюджет түсімдері 101,4 пайызға орындалды, артық түсім 1,9 млрд.теңгені құраған. 
Жекешелендірудің екінші толқыны аясында облыс бойынша жекешелендіруге жататын 13 нысан анықталды. Оның 7-ін биыл жеке секторға беру жоспарланса, «Байқоңыр» ӘКК акционерлік қоғамының 2 ұйымы жоба бастамашыларына сатылды. Қыркүйек айынан бастап қалған 5 нысан саудаға қойылады.