» » АЙМАҚТАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫН

АЙМАҚТАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫН

Айдар: Қоғам / Сонғы жаңалықтар

Облыс әкімдігінің аппараттық отырысында Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Медет Усаин жылу беру маусымына дайындық барысы туралы баяндады.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 4 мамырында аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес жылу беру маусымына дайындық бойынша облыстық штаб құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілді.
«Алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары бекітілген іс-шараларға сәйкес жүргізілуде. Оның ішінде «Қызылорда жылуэлектрорталығы» МКК №6, 9 бу қазандықтарына, №3, 6 газ турбиналық қондырғыларына, «Қызылорда оңтүстік жылу орталығы» филиалы мен «Қазалы Теміржолжылу» қазандықтарына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары 90%-ға орындалды. «Нұрлы жол» бағдарламасымен 8 жоба бойынша 7 шақырым жылу желілеріне күрделі жөндеу жұмыстары 87%-ға аяқталды. Барлық жұмыстар 1 қазанға дейін толық бітеді»,-деді Медет Усаин.
Сонымен қатар, «Қызылорда оңтүстік жылу орталығы» филиалының шатырына күрделі жөндеу жұмыстары 80 пайызға орындалды. Жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың 10 қазанында аяқталады. «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ-ның электр желілері мен трансформаторлық станцияларына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары 94%-ға орындалды.
«КазТрансГазАймақ» АҚ-ның Қызылорда өндірістік филиалы алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын толығымен орындады. «Қызылорда Су жүйесі» МКК-де жыл басынан бері «Нұрлы жол» бағдарламасымен 14 жоба бойынша су құбыры мен кәріз жүйесін қайта жаңғырту жұмыстарын 92%-ға жеткізді.
Жылу беру маусымына дайындық бойынша әлеуметтік нысандардың 100 пайызына және кіші қазандықтардың 97 пайызына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған көпқабатты тұрғын үйлердің 96% жылу маусымына дайын (743 үйдің 713-і, қалған 30 көпқабатты тұрғын үйдің өжірілерін жылу жүйелеріне қосуға дайындау керек).
Аймақ басшысы әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз ету мәселесін ерекше назарға алуды тапсырды. Атап өтейік, алдағы жылу беру маусымында әлеуметтік-мәдени нысандарға 28 мың тонна көмір мен 25 мың тонна сұйық отын қажет болса, жергілікті тұрғындардың қажеттілігі – 207 мың тоннаны құрайды.