Facebook WhatsApp Instagram

0

СЫР ДАЛАСЫНЫҢ СЫРЛЫ ДҮНИЕСІ

СЫР ДАЛАСЫНЫҢ СЫРЛЫ ДҮНИЕСІ

 

Қадыр Мырза Әлінің «Әулиелік туралы айту үшін өзің де әулие болуың керек» деген қанатты сөзін қағида қылып отырмын. Неге дейсіз ғой? Өткенде аймағымызға Арқадан ат артып бір топ блогшылар келді. Жергілікті желі қолданушылар да өңірдегі өңі кіріп, өрісі өскен өрелі істерді насихаттауға бірге шықты. Сол топтың қатарында бізде болдық. Журналист болғаннан соң елді елең еткізер жаңалық іздеуге тырысасың. Жоспарланған нысандарды бес саусақтай болмаса да бір кісідей білеміз. Біз үшін таңсық дүние емес. Енді жаңағы қағиданы ұстануыма түсінік берейін. Негізі бәрін білемін деп «әулелікке» салынғым келіп отырмағанымды айтқым келген. Естігенді емес, көзбен көріп, «әп берекелдескен» жұмыстарды бір шолып өтейін.
Қазақ деген кезде көз алдымызға дархан дала, байсалды мінез елестемей ме? Ал Тәуелсіздік дегенде ше? Күні кешеге дейін желтоқсанның ызғарлы желі денемізді дір еткізгендей болатын. Рас бұл қазақтың егемендікке деген соңғы қадамы. Одан бері сана өзгерді, тұрмыс тіршілігіміз түзелді. Елбасының  «Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы жетістігін бір ғана Қызылорда облысынан көруге болады» деген сөзін бүгінде балаға дейін ұрандатып айтып жүр. Оған шын қуандық. Мәртебеміз артып, мерейіміз бір тасып қалды. Енді осы бір сөздің астарында қандай мән жатыр? Осыған бір үңіліп көрейік.
Сыр - Алаштың анасына баланатыны баршаңызға мәлім. Сол Ананың жағдайы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қандай болды? Көз алдыңызға елестетіңізші. 1991 жыл. Жап-жас қыз. Бет-әлпеті ұсқынсыз. Үстіне киген киімі де жұпыны. Яғни, әлпештеп отырған ата-анасынан айырылып қалған бейбақтың кейпінде. Бауырлары бар. Бірақ әрқайсысы өзінше күн көруге мәжбүр. Өйткені, барлығының басындағы жағдай бірдей. Енді ел қатарлы өмір сүру үшін қайтпек керек? Неден бастау қажет? Сұрақ көп, шешім қабылдау оңай емес. Қолда мардымды қаржы да жоқ. Бірақ өмір мұнымен тоқтамайды ғой. Талпынды, тырмысты, бойдағы қайсарлықты көрсетті. Алдымен құдық қазды. Оны суға толтырды. Көздің жасымен емес әрине. Қалталыларға жоспарын айтты, оның пайдасы болатынын дәлелдеді. Бұл Кіші Аралдың қалпына келуін меңзегенім. Нәтижесін көріп отырмыз. Тек, соңғы екі жылдың өзінде балық өнімдерінің экспорты 45%-ға өсті. 
Бойжеткеннің басындағы сәукеледе үкі болады емес пе? Сол үкіңіз жайқалған күрішіміз. Соңғы үш жыл қатарынан рекордтық көрсеткіште өнім алынды. 
Ойдым-ойдым жолдар, әлсін-әлсін жалп еткен жарық беттің қара дағы мен әжіміндей ұсқынсыз көрінетін. Қыз болғасын айнаға қарайды, сәнденеді. Сондықтан бұл мәселелер уақытылы түзелді. Қазір бойжеткеніміздің көз тартарлық сұлулығы бар. Ақыл кіріп, ес жинаған бойда тарихын түгендеуге кірісті. «Жеті атасын білмеген жетесір» деген қарғысты естімес үшін. 511 тарихи-мәдени нысандарының тізбесі жасалды. ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұраларының алдын ала тізіміне енгізілген Сығанақ, Шірік-Рабат, Жанкент қалашықтарына соңғы үш жыл көлемінде кешенді түрде археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Ал «Жетіасар мәдениеті» ескерткіштерінің қорғау аймақтары белгіленді.
Бойжеткеннің бағы жанып, қара алтынға қарқ болды. Несібесі ғой. Бірақ ол байлықтың бір күні сарқылатынын түсінді. Сондықтан еңбек етуге ерінген жоқ.  Ол үшін тіл білу қажет. Тіл демекші алдымен ол ана тілін құрметтеді. Бүйірдегі Байқоңырдағы мектептерді қазақстандық білім беру стандартына көшірді. Ал «Болашақ» бағдарламасымен 200-ден астам, Ресей Федерациясы тарапынан бөлінген білім гранттары есебінен 400-ге тарта түлегіміз білім алуда. Оған тұрмысы төмен балаларға арналған 365 грантты қосыңыз. Біліммен қаруланып-ақ жатыр. Ең байлықтың егесі болатын ұрпағы үшін  «Бала-Сауысқандық» ванадий, «Шалқия» қорғасын-мырыш кеніші, Ферроқорытпа зауыты бойынша күрделі жұмыстарды бастап кетті. 
Кейіпкеріміздің қаншалықты есейгендігін аңғарған шығарсыз. Енді балаларына арнап тұрғын үй салып, жер телімдерін бөліп беруде. Тіпті немере, шөберелері үшін сол жағалаудан жаңа қала салуды жоспарлап отыр. Балалары білім қуып, шетелге күнделікті шығып жатқасын әуе қақпасын да жаңалауда. Анамыздың қартайып тұрғаны сезілмейді. Елден қалыспай жақында күн өтпейтін көзілдірік пен әлемдік бренд «айфонның» әйнегін өз үінде отырып ауыстыратын болады. Яғни, осындай дүниелерді шығаратын шыны зауыты салынуда. Қора мыңғырған малға толы. Қазақта бала мен малдың санын айтпайды емес пе? Дегенмен, салыстырмалы түрде ең жоғарғы нәтиже болған тоқсаныншы жылдардағы көрсеткіштен асып отыр. Көршілерімізбен алыс-берісті артыру мақсатында салынған жолдар, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортталуы, ас тұзын жандандырып жатқандығы күнделікті тіршілік саналады. Қазір қайсар анамыздың ісіне шетелдіктер де қызығушылық танытып, инвестиция құюға ниеттілер қатары күн санап өсуде. 
Міне, Алаштың анасына баланған Сырдағы толымды тірліктер бұл. Елбасымыз осындай дархан істі бір ауыз сөзбен түйіндеп, даналығын көрсеткендігі каперіңізде болсын. 



Тәжімұрат Жомартұлы Әлжанов 
«Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының редакторы





Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: