Илья Ильин алдағы уақытта сұлулық салонын ашуы мүмкін. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен шұғыл баспасөз мәслихатында ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильиннің өзі айтты деп хабарлайды Baq.kz.
«Мен елбасымен бұл туралы сөйлескен жоқпын. Дегенмен, президент бұл туралы білетін шығар? Ол қиын сәтте спортшыларға қандай қолдау қажет екендігін ойлаған болар? Медальдар болады. Бізде жақсы мектеп бар. Барлығы жақсы болады. Зілтемірді еш қиындықсыз көтеретін жас балалар өсіп келе жатыр. Облыстарда бұл бағытта қарқынды жұмыс жүруде. Мұның нәтижесін де көріп жүрміз», - деді ол.
Сонымен қатар, қазақстандық спортшы алдағы жоспарларымен бөлісті.
«Менің анамның сұлулық салоны бар. Бұл отбасылық бизнес. Осы жерде де бағымды сынап көргім келеді. Барлығын шағыннан бастау керек. Бұл жай ойым ғана», - деді спортшы.
Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық Олимпиада комитеті Халықаралық Олимпиада комитетінен 2008 және 2012 жылдардағы Олимпиада ойындарына қатысқан қазақстандық спортшы Илья Ильинге қатысты жаза қолданылғандығы туралы ресми хабарлама алды. Спортшының қанынан тыйым салынған препараттар табылған болатын.
Халықаралық Олимпиада комитетінің тәртіптік комиссиясы 2008 жылы Бейжіңде және 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарының жеңімпазы, 94 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен қазақстандық ауыр атлет Илья Ильиннің «А» және «В» допинг сынамаларының қосымша тексеру қорытындысы бойынша қазақстандық спортшыны сол Ойындардан шеттетіп, көрсеткен нәтижелерінің күшін жойып, жүлделерін қайтарып алу туралы шешім шығарды.
Спортшыға қолданылатын жазаның мерзімін Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) анықтайды.