Facebook WhatsApp Instagram

0

Бабалар салған ізбенен

Қазақстандағы ел жақсыларын қынадай қырған репрессия кезінде нақақтан «халық жауы» деп ұсталған белгілі қоғам қайраткері Сүлеймен Есқараевтың жақыны деген желеумен Рүстембек жыраудың да басына қауіптің қою бұлты үйіріледі. Осы тұста оған ата қонысын уақытша өзгертуге тура келіп, нағашы жұрты Жетірудың Керейтінің ішіне кетеді. Бұл Қармақшы ауданымен көршілес Жалағаш ауданының аумағындағы көп ру болған.
Нағашыларының ішінен тыныштық пен береке тапқан жырау нағашыларының жақсылығын ұмытпау үшін балаларына сол «Керейт», «Андағұл» руының «Ыдық», «Ерші», «Көшеней», «Бидас» деген аталықтарының атын қойыпты. Тіпті жырау бұл ниетінен немерелерін көргенде де қайтпай, бір немересіне «Арбалы» деп тағы сол Керейт руының бір аталығының атын қойып кеткен екен.
Соғыстан кейін Рүстембек жырау Қармақшыдағы ата-бабасының қонысы болған «Ақтайлақ» өңіріне көшіп келіп, егін егеді.
Әйелі Әнапия (1910 – 1978) Ақкөбек Кете руындағы Болаш деген бақсының қызы екен. Әнапияның шешесі – Дәрі Құлыс Кете Бекет бидің қызы. Әнапия он бала туады. Бірақ олардың алтауы жас күнінде шетінейді де, Ұлы Отан соғысына дейін тек Ыдық пен Ерші ғана қалады.
Баласыздықтан жүдеңкіреп жүріп көрген үлкен қызы Ыдықты (1934 ж) Рүстембек жырау «Жанымпида» деп, екінші қызы Ершіні (1939ж-2017ж) «Жаншүкір» деп атайды екен.
Соғыс басылып, ел есін енді ғана жия бастаған жаймашуақ күндердің бірінде жыраудың ежелден ата-қонысы болған «Ақтайлақ» аймағындағы жерде қамыс қостың ішінде 1946 жылдың 22 тамызында Көшеней дүниеге келеді.
Жергілікті ақын Запа Дәулетбаев осы «Ақтайлақ» деп аталатын жер туралы:
«Сыр елі қадірлеген тұтып ардақ,
Сүлейлер туып-өскен қара шаңырақ.
Ақтайлақ – ата мекен аруанадай,
Шұрайлы жер ұйықтай жатыр маңырап», - деп жырлаған жерді сол кездің өзінде-ақ халық «жүз жыраудың мекені» деп атап кеткен.
Тілегіне орай келген ер бала үшін тәңірге тәубә етіп, бұл балаға «Жантәубе» деп, оның соңынан ерген Бидасты «Алланың сақилығы» деп атаған көрінеді.
Рүстембек жырау Көшенейін адамға қарап талпынған күнінен бастап алдына алып отырып жырмен тербеп алдандыратын болған.
Кейін шаруашылық жұмыстарына байланысты Рүстембек жырау Ақжардың «Ақбел» деген ауылына қоныстанады. Осы жерде 2-3 жастағы Көшенейге анасы Әнапия сыртын шай шүберекпен қаптап тымақ тігіп береді.
«Көшпанжанға осы тымақты кигізіп алып, арқалап үйді-үйден байғазы сұрағаным есімде. Сәрсенбай деген жырау кісі өз қолынан ағаштан жонып жасап Көшпанның тымағына байғазыға кішкене ақ домбыра сыйлады.
Айналайын ақ Көшпаным кекілі желбіреп тілі шыққаннан бастап осы кішкене ақ домбырасын қолынан тастамай сабалап «Қарлығаш» әнін айтатын. Тілі келген-келмегеніне қарамай:
«Құралай көс колагас,
Алма мойын інагас,
Шүйген шәулем шүйкебаш»,- дегенде көзімізден су аққанша сілеміз қатып күлетінбіз», - дейді Ерші, неліктен Көшпан атағандарын да аңғарта отырып.
«Кейін ғой, Алматы мен Мәскеуге оқуға барған кезінде Көшеней деген атының толық аталып жүргені, болмаса соған дейін ел еркелетіп Көшпан атап кеткен», - дейді інісін емірене қайта-қайта есіне алған Ерші. Ыдық пен Ершіге қарап отырып, екеуі екі інісін өздеріне қалай ұқсатып алған деп таң қалғандайсыз. Ыдық апасына Бидас ұқсаған да, Ершіге Көшеней ұқсайды екен. Ыдық пен Бидас қараторының әдемісі де, Ерші мен Көшеней аққұбаның әдемісі. Төртеуі де жырау, домбырада еркін ойнаған. Төртеуінің бірін-бірі қаншалықты құрметтейтіндіктері бір көргеннен-ақ белгілі болғандай. Ершінің «папам келді» дегеніне қарағанымызда алпысты алқымдаған әйел- ананың келе жатқандығын көріп таң-тамаша болғанымыз бар. Аңғарсақ үлкен қыз Ыдықты қалған үшеуі (Ерші, Көшеней, Бидас) «бапа» дейді екен. Ыдықтың жырау інілері туралы айтқандары тіпті қызық. Ыдық Рүстембекқызы қазіргі уақытта Қызылорда қаласында тұрады. Жыр десе ішкен асын жерге қоятын апамыз әлі де қолынан домбырасын тастамайды. Бидас Үрістембекұлы- қазіргі уақытта Қармақшы аудандық Көшеней Рүстембеков атындағы "Жыраулар үйінде" директордың орынбасары қызметін абыройлы атқарып келеді.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: