Мәліметтерге сүйенсек, елімізде елу мыңға жуық бала мүгедектігі бойынша есепте тұр. Олардың 10 мыңға жуығына церебральды сал ауруы (ДЦП) диагнозы қойылған. Медицинада бұл диагноздың әлі жүз пайыздық емі жоқ.
Ал қызылордалық Сәкен Темірқұлов бұл дерттің емін тапқан секілді. Облыс орталығынан мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Қанат» спорттық сауықтыру кешенін ашқан оның емінен кейін екі аяғын тең басып жүріп кеткендер баршылық. Кезекте тұрғандардардың да барын құлағымыз шалды. Сәкен ағаның сал ауруын емдеу жолын тереңірек зерттеуіне өз басынан өткен оқиға түрткі болған. Тұңғышы Қанат сал боп туылып, жеті жасында дүниеден озады. Жеті жылғы үмітін бір-ақ күнде перзентімен қоса жұтқан сол қаралы күннен кейін Сәкен сал ауруымен күресуге бел буған еді. Арманы емі жоқ дертті жеңіп, қаралы күннің қасірет бұлтын сейілту. Медициналық білімі жәрдем болып, дегеніне де жетті. Ерен еңбек пен тәжірибенің арқасында бүгінде сал ауруын ғана емес, ауыр жарақаттан жүре алмай қалғандарға да көмек қолын созып келеді. Сәкен аға ойлап тапқан тірек-қимыл аппараттары қарапайым темірден жасалған және ондай үлгілер әлемде жоқ көрінеді. Бүгінде дәрігердің қолынан шыққан аппараттардың оннан бірі ғана іске қосылған. Барлығын іске қосу үшін қосымша қаржы мен уақыт керек. Қазіргі таңда клиникалық орталықта отыз бала ем алуда, ал 300-ге жуығы кезегін күтіп жүр. Себебі ғимарат іші тар әрі қаржы мәселесі толықтай шешімін таппаған. Сәкен аға әрбір ем алушыны ерекше ықыласпен қабылдайды. Бірі орнынан қозғалып, енді бірі аяғынан тік тұрса, жүзіне күлкі үйіріліп, көзіндегі үміт оты нұрлана түседі.
- Мен ДЦП-ға шалдыққан, түрлі жарақаттан кейін жүріп-тұруы мүмкін болмай қалған жандарды, тіпті дауасы жоқ делініп жүрген неопатияны да емдедім. Қазір орталықта өзім жасаған 30 шақты тренажерлық жабдық бар. Сырттай қарасаң, олардың басқа жаттығу жабдықтарынан бәлендей айырмашылығы жоқ сияқты. Бірақ мәселе оның қандай әдіспен жасалғанында. Ол бұлшық еттің, жүйке талшықтарының, керек десеңіз, әрбір тіннің жұмыс істеп, тірілуіне көмектеседі. Шамамен жасы үштен асқан, ақыл-есі дұрыс адамдарды емдеу мүмкіндігі жоғары. Себебі неғұрлым ертерек емделсе, ем соғұрлым жақсы қонады. Кейін қайтадан мүгедек болып қалмайды. Емдеу курсы екі айға созылады, бағасы 250 мың теңге. Емделу құны қымбат екенін білемін. Бірақ ғимаратты күтіп-ұстауға да көп шығын кетеді, - дейді Сәкен Темірқұлов.
Орталыққа келіп, маманның шапағатын көргендердің алғысында шек жоқ.
- Неопотия дертіне шалдыққан болатынмын. Бұл емі жоқ әрі сирек кездесетін ауру түрі. Адамның жүрегі тоқтағанша еті күннен-күнге тартыла береді. Ауруханаға келгенде салмағым 29 келі болды, бір жыл ауруханада емделу нәтижесінде салмағым 49 келіге жетті. Толықтай айығып кетпесем де басымды тіктеп отыра аламын. Бұрыннан ұялы телефон жөндеуді армандайтынмын, қазір сүйікті ісіммен айналысып жүрмін. Сәкен дәрігерге алғысым шексіз, - дейді емделуші Берік Тұрлыбаев.
Он бес жылдан астам уақыт ішінде 170 баланы аяғынан тұрғызған дәрігерге «зәулім сарай салып береміз» дегендер болған. Тіпті, Мәскеудің мықты дәрігерлерінің өзі көмекке дайын екенін жеткізіпті. Бірақ Сәкен аға туған жерін тастап кетпек емес. Оның арманы 2017 жылы Қазақстанда өтетін ЭКСПО-2017 көрмесінде қазақ дәрігерлерінің реабилитация саласында үлкен нәтижеге қол жеткізгенін бүкіл әлемге паш ету.