Facebook WhatsApp Instagram

Денсаулық

0

Жасөспірімдер суициді: себеп пен салдар

Жасөспірімдер суициді: себеп пен салдарЖауапсыз махаббат, ата-анамен келіспеушілік және болашаққа деген сенімсіздік. Бұлар – әлемдегі суицид оқиғаларының басты себептері. Кейбір мамандар мұны СПИД-тен кейінгі ғасыр дерті деп те есептейді.
Өкініштісі, қазір жасөспірімдер суициді «бөлек отау тікті». Бұл мәселені өзінше қарастырамыз, мамандармен бірге талқылаймыз. Бірақ жыл өткен сайын оның көрсеткіші көтеріліп келеді. Қоғамдық орындарда көп талқылаймыз. Бейнеролик көрсетеміз, парақшалар таратамыз. Бір жағынан, «осы әрекетіміз дауасыз дертке қосымша жарнама болып жатқан жоқ па?» деген ой келеді.
Нақты мәліметтер неге жасырылады?
Биыл облыста 3 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсап, қайтыс болған. Мұндай дерттің басым бөлігі Арал, Жаңақорған және Шиелі аудандарында тіркеледі. Қазан айында Аралда 13 жастағы тағы бір бала түсініксіз жағдайда көз жұмды. Жақында Қызылорда облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының мәжіліс залында психолог мамандар осы мәселені ашық түрде талқыға салды. 
Мира МЫРЗАХАНОВА, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім маманы: 
- Бүгінде Қызылорда қаласында - 6, аудандарда - 10 психолог жұмыс істейді. Ресми дерек бойынша облыста 139 тәуекел тобы (басқаларға қарағанда суицидке бейім адамдар) бар. Бұл – жазғы демалысқа дейінгі көрсеткіш. Кейіннен оқу орындарына мәліметті қайта жинақтау туралы тапсырма берілді. Дегенмен, кейбір мектептерден ондай топтар жоқ деген мәліметтер келеді. Бірақ ол мүмкін емес. Қазір өз-өзіне қол жұмсауға ұмтылыс жасаған жас та, жасөспірім де көп. Мәліметтер жасырылады.
Мамандар нақты ақпараттың жасырылу себебін психологтардың жұмысынан айырылып қалудан қорқатынымен түсіндіреді. Қасақана дәрі ішкен бала болса, істі жуып-шаюға тырысады. Оның үстіне, заң жүзінде психологтарға оқушылармен жұмыс жасау үшін 9 сағат берілу міндетті болса да, бұл уақыттың өзі оларға бұйырмай тұр. Психологиялық тесттердің өзін әр сабақ арасында 5-10 минут ішінде алады. Сауалдарға шынайы түрде жауап беретіндер аз. Яғни тек формальды түрде жүреді. Ал мектеп психологтары өздерінің мәселесіне осы уақытқа дейін назар аударылмай келгенін айтып бақты. Суицидке бейім оқушылар ғана емес, оқуға үлгере алмайтындар мен тәрбиесі нашар балалардың мәселесі де солардың мойнында. Яғни жоспар белгіленгенмен, ол бойынша жұмыс істеуге мұрша жоқ. 
Диагнозы белгісіз дерт
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің психология кафедрасының академиялық доценті Сәндігүл Дәрібаеваның айтуынша, дерттің алдын алу үшін тәрбие отбасыдан басталу керек. Барлық жауапкершілікті педагог-психологтарға артып қоймай, ата-ана да жауапты болуы шарт. Сондай-ақ мешіт имамдары тарапынан мұндай жағдайда көз жұмғандардың жаназасын шығармау туралы ұсыныстар көтерілген. Шариғат бойынша ондай кісілерді арулап көмуге болмайды. Егер осыны нақты жүзеге асырса, мүмкін, адамдар аяқ тартатын болар.
- Суицидке жалғыз психолог немесе мұғалім ғана жауап бермейді. Бұл – қоғамның мәселесі. Бұл дерттің өту барысының өзін үш деңгейге бөлуге болады: жоғары, орта және төмен. Қазақстан қазір соның жоғары сатысында. Африкада суицид деген болмаған. Ал Нигерия елдері бұл туралы естімеген. Жалпы, дамыған Еуропа елдерінде мұндай жағдаймен қайтыс болғандарды «келеңсіз жағдайдан көз жұмды» деп жатады. Яғни бұл дерттің атын атамайды. Біз бұл дерттің ислам, медицина және тағы да басқа салалар бойынша себебін қарастырып жатырмыз. Бірақ оған ешкім «мынадай жағдайдан» деп диагноз қоя алмайды. Сондықтан онымен қоғам болып күресу қажет, - дейді доцент.
Ашық айтуды тоқтату керек
Әңгіменің екінші жағы, бүгінде біз бұл дертті ашық түрде насихаттап кеттік. Ақпарат құралдары немесе оқу орындарында болсын, оның жасалу жолдары мен құрбандарын көрсетіп береміз. Кейде осы жағдайға жастарды өзіміз итермелеп жатқандаймыз. 
Жандос ТҰСМАҒАМБЕТОВ, 
облыстық «Жастарды қолдау орталығы» МКМ-нің директоры:
- Меніңше, қоғамда бұл ауруды насихаттап кеттік. Оқушы мен студент арасында ашық айтамыз. Негізі, мұны тек арнайы мамандармен ғана талқылаған жөн сияқты. Түрлі жиындарда айта бергеннен кейін әркім оны әртүрлі түсінуі мүмкін.
Тіпті оқу орындарында жасөспірімдерге суицид туралы бейнеролик жасап келу туралы тапсырма беріледі. Соңғы уақытта арнайы мекемелерге дерттің атауын ашық атамау туралы тапсырма берілген. Бірақ ол әлі де болса іс қағаздарында сақталмай отыр. Сондай-ақ қазір түрлі психологиялық орталық құрылғанымен, бұл тұрғындардың менталитетіне сәйкес келмеуі мүмкін. Кейбірі ондай орындарға барғандарды науқас деп қабылдауы мүмкін. Сондықтан халық әлі күнге атауынан шошиды.
Жақып ШАЙМҰХАНБЕТҰЛЫ, «Өркениетті Қазақстан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
- Адам өзіне жауапкершілік ала алмаған жағдайда осындай қадамға барады. Қарап отырсаңыз, мұндай оқиғалар жағдайы жасалған елдерде көп орын алуда. Яғни баланы тым еркелетіп жібергеннен кейін ол өмірдің қиыншылығына төзе алмайды. Қазақта «Баланы 5 жасқа дейін патшаңдай күт, 15 жасқа дейін құлыңдай жұмса, одан кейін досыңдай сырлас» деген сөз бар. Бізде ұлттық тәрбие қалыс қалып барады. Қазір отбасылар тек бір-екі баламен ғана шектеліп, соны әлпештей береді. Ондай ата-ана – баланың жауы. Қазір баланы телесериалдар тәрбиелеп жатыр. Онда суицидті қалай жасау керектігіне дейін үйретеді.
Жиында мамандар тарапынан суицид мәселесін шешу үшін психологтардан құралған клуб құру туралы айтылды. Сол арқылы кәсіби мамандарды шақырып, жиындар өткізіп, жоғары органдарға арнайы ұсыныстар жасауға мүмкіндік бар. Тіпті, суицид ошағы саналатын аудандарды аралап, мәселені шешу жолдарын қарастыруға болады.
ТҮЙІН. Бүгінде жасөспірім қыздардың көбі некесіз аяғы ауырлап, ата-анасынан қорқып, ортасынан сескенгеннен өздеріне қол салады. Осы орайда қоғамның тағы да бір өзекті мәселесі туындайды. Бір жыл ішінде облыста 14-29 жас аралығындағы бойжеткендер арасында 15 мың түсік тіркеліпті. Бұл – ресми дерек. Ал ақылы емханаларға барып, жасырын түрде жасалатын қылмыс саны қанша?! Байқасаңыз, сан мың түрлі себеппен қаншама қаракөз дауасыз дерттің құрбанына айналады. Біздің айтарымыз, мәселелерді шешуде айтылған сөз тек үстел басында қалмай, іс жүзінде көрініс тапса болғаны.
Сара ОМАРҚЫЗЫ
"Ақмешіт жастары" газеті 
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: