Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Шахмарданның бесігінің шарапаты тиген әулет

Еліміздің ғылымына өлшеусіз үлес қосқан, 33 жасында министр дәрежесіне көтерілген, Қазақстан ғылым академиясын басқарған Шахмардан Есенов Шиелінің тумасы. Атақты ғалымның бөленген бесігі 2017 жылы табылған еді.
...1961 жылдың қара күзі. Шахмардан Есеновтің Геология Министрі кезі. Академиктің анасы Шәрипа апамыз елге қыдырыстап келіп, елді аралап, тіріге-сәлем, өлгенге-бата жасайды. Апамыз қайтадан жолға шығарында туысы Шәймерденге: «Ауылда баяғы Шахмардан жатқан бесігі сақтаулы. Соны алып келіп балаларыңды бөлеңдер, Тұрсын қызыңның соңынан басқа да кішкенелер ерсін, бәрі де өскен соң, Шахмарданым секілді елге белгілі азамат болсын!», –деп  батасын беріпті. Сонан қыстың бір күні Шәкең Тартоғайға атпен барып, қолдан жасалған, сырты түрлі қазақы оюмен өрнектелген бесікті алып келеді. Аузы дуалы апаның айтқаны келіп,  ұзамай жас келін ұзамай босанады да, сәбидің есімін Арнауыт қойып, әлгі бесікке бөлейді. Бұл 1962 жылдың 23 наурыз болатын. Сонан кейін де қазақтың мақтанына айналған марқасқа жатқан құт бесікте тағы да сегіз бала, олардың да кішкенелері бөленіп, тәй-тәй басып кетеді.
«Жақсыдан-шарапат» деген рас екен, Шахмардан аға жатқан құтбесік бізге де құтты болды. Шәрипа апаның мейірімін салған жаратушыға ризамын. Отағасы да мектепте абыройлы қызмет етті, өзімде шамам келгенше жұмыс істедім. Өсіп-өніп жатырмыз. Шүкір!– дейді бесікті кешеге дейін сақтап келген Кенжегүл Әлімханқызы. Бұл бесік қазір Шиелі өлкетану музейінде сақталуда.

Нұрмахан Елтай

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: