Қазалылық депутаттар Жанқожа зираты айналасын жаңғыртуға шақырады
Қазалы аудандық мәслихат депутаттарының аудандағы мекеме, кәсіпорын басшылары мен кәсіпкерлерге үндеу қабылдады. Қазалы аудандық мәслихатының депутаттары үндеу 2015 жылғы 14 қаңтардағы аудандық мәслихат депутаттарының отырысында қабылданды. Онда Жанқожа батыр баба басындағы зираттың айналасын жаңа архитектуралық және заманауи үлгіде жаңғыртуға жұртшылықты шақыруға мән берілген.
– Құрметті ағайын, қадірлі жерлестер! Ел болып егемендігімізді алғалы өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды. Тасада қалған батырларымыз бен билерімізді, әулиелеріміз бен арыстарымызды ардақтап, ұлық тұтуға қол жеткіздік, – делінген үндеуде. – Өткен жылы ғана туған жерімізді жетпіс жыл бойы сырт жаулардан қорғап, халқының болашағы үшін басын бәйгеге тігіп, кеудесін оққа төсеген халық батыры, әулие бабамыз Жанқожа бабамыздың 240 жылдық торқалы тойын жоғары деңгейде, республикалық дәрежеде атап өттік. Мерейтой аясында ауданда көптеген ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұл той береке-бірлігіміздің жарқын үлгісін көрсеткен тағылымды шара болды. Дегенмен, көкейде келер күндердің еншісіне деген бір іс қалған. «Жақсылықтың ерте кеші жоқ».
Өздеріңізге мәлім, Жанқожа бабамыздың денесі жерленген зираты аудан орталығынан шалғай жатқан Қызылқұмның қиясында орын тепкен. Мерейтой қарсаңында біз, бір топ аудандық мәслихат депутаттары, баба зиратына барып тәу етіп қайтқанбыз. Сол жолы біздің ойымызда баба зиратының маңына заманауи үлгідегі түнеухана салынса аруаққа көрсетілген құрмет, алыс-жақыннан зияраттау үшін келетін халыққа жасалған игі іс болар еді деген келелі ой кеткен. Сол ойды жүзеге асырып, өткен жылғы баба тойындағы жарқын ісімізді жалғастыратын кез келген сияқты.
«Көп түкірсе көл» деген. Өздеріңіздің көмектеріңізбен Жанқожа батыр бабамыздың зиратының жанына жаңа архитектуралық, заманауи үлгідегі түнеухана салып, тағы бір сауапты істі жүзеге асырсақ «нұр үстіне нұр», болашақ ұрпаққа үлгі-өнеге болар еді.
Сондықтан аудандағы мекеме, кәсіпорын басшылары мен кәсіпкерлерін, өз мүмкіндіктеріне қарай осы ұлағатты іске үлестерін қосуға шақырамыз. Баба аруағы Сіздерді желеп – жебеп жүрсін!