Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Облыс әкімі Арал ауданында балықшылар музейін аралады

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Арал ауданына жасаған жұмыс сапары барысында бірқатар әлеуметтік-мәдени нысандардың аралап, зиялы қауым өкілдерімен кездесті. 
Алдымен өңір басшысы аудан орталығында орналасқан «Суреттер сыр шертеді» тарихи мұражайында болды. Мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Саржанов облыс әкіміне 500-ге жуық сурет пен тарихи жәдігер жинақталған музей жұмысымен таныстырды. 
Аймақ басшысы өңірдің тарихи-мәдени әлеуетін көтеріп, жас ұрпақты тәрбиелеуде мұражайлар мен кітапханалардың, ондағы жәдігерлер және кітап қорын көбейту ісі үлкен маңызға ие екендігін атап өтті. 
Мұражайда балықшылардың тарихи фотосуреттері, елге, облыс пен ауданға танымал қоғам қайраткерлерінің фото жинағы, Арал теңізінің тарихы және Құдайберген Саржановтың жеке экспонаттары қойылған. 
Әрі қарай облыс әкімі аудандағы қайта жаңғыртылған «Балықшылар» мұражайына барды. Мұнда мемлекет және қоғам қайраткерлері Құдайберген Саржанов, Биғали Қаюпов, білім саласының ардагері Нұралы Оспанов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділбек Әйімбетовпен бірге музейді аралап, ішіндегі эскпозициялық жұмыстарды көрді. 
Айту керек, «Балықшылар» мұражайында 2000-нан аса құнды жәдігерлер жинақталған. 2012 жылы пайдалануға берілген нысанда 11 маман қызмет атқарады. Музейде облыстық бюджеттен бөлінген 86 миллион теңге қаржыға реэкспозициялық жұмыстар жүргізілген. 
Аймақ басшысы ғимарат ауласында жаңадан салынатын «Балықшылар» саябағының эскиздік жобасын көріп, аспан астындағы мұражаймен танысты.
Мұнан кейін облыс әкімі «Арал» индустриалды-техникалық колледжіне де барды. Кәсіптік білім беретін мекеменің жұмысымен танысып, студенттермен тілдесті. Оның ішінде тігін цехына барып, студенттердің арнайы киім үлгісін тігіп жатқан жастармен кездесті. Колледжде «Жас маман» жобасы аясында тігінші және электр дәнекерлеуші мамандығы ашылған. Бұл ретте тігін ісін жандандыру үшін италиялық және жапондық компаниялардың құрылғылары сатып алынған. Сонымен бірге облыс әкімі колледж студенттерінің балықты қайта өндеу ісімен танысты.
Колледж базасында Құдайберген Саржанов облыс әкіміне кәсіптік оқу саласында балық шаруашылығын жандандыру мақсатында балықшы, балық өсіру, қайық жүргізуші, қайық жөндеуші мамандықтарын оқыту туралы ұсынысын қалдырды. Бұл ретте аймақ басшысы көтерілген ұсыныстарды қолдайтынын жеткізді.
Еске сала кетейік, облыс әкімі Арал ауданына іссапары барысында Б.Өтемұратов қорының директоры Марат Айтмағамбетовпен бірге көпбалалы отбасыларға 40 пәтерлі тұрғын үйді табыстады. Жаңа баспана көпбалалы отбасылар, жетім балалар, мүгедектер мен апатты үйлерде тұрып келген отбасыларға берілді. 

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: