Қызылордада үш баласына 7 млн теңге төлемеген тұрғын ұсталды
Қызылорда облысында төрт жылдан бері үш баласына 7 млн теңгеге жуық алимент төлемеген тұрғын қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Қызылорда қаласы прокуратурасы алимент төлеуден жалтарған борышкерлерді жауапкершілікке тарту мақсатында арнайы жұмысшы топ құрылған. Оның құрамына құқық қорғау және әділет органдары, жеке сот орындаушылар енгізілген.
«Облыс орталығының тұрғыны 2017 жылдан бері 3 баласына алимент төлеуден жалтарған. Берешегі 6 989 224 теңгені құрайды. Осы мақсатта Қызылорда қалалық полиция басқармасы тарапынан ҚР Қылмыстық Кодексінің 139-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Бүгінде тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде», - деп мәлім етті Қызылорда қалалық прокуратурасынан.
Ведомство мәліметінше, жұмысшы топ мүшелері алимент өндіру санатында берешегі қалыптасқан өндірілуі қиындық туғызып отырған 203 борышкердің тұрғын үйін аралау арқылы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Жалтарып жүрген 41 борышкерге Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабымен әкімшілік жауаптылығы шешілді.