Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі облыстық комиссия отырысы өтті.
Отырыстың күн тәртібінде «Бизнес қоғамдастығы мен мемлекеттік органдар арасында тиімді әріптестікті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау» және «Құрылыс қызметі саласында сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу туралы» мәселелер қаралды. Алғашқы мәселе бойынша облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Пірмұхаммед Сыздықов пен облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов аймақта кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
- Өткен жылдан бері «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлермен банктерге несие алуға өтінім жолдау және шешімін алу тәртібі банк менеджерлерінің қатысуынсыз автоматтандырылған «скоринг» бағдарламасына ауыстырылды. Жаңа жүйе арқылы кәсіпкерлерге несие беру жөнінде шешім қосымша құжат сұратусыз 10-15 минут уақыт ішінде жасалады. Биылғы жылы «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында 7,9 млрд. теңгеге несилендірілген 666 жобаның ішінде 2,5 млрд. теңгені құрайтын 528 жобаға мақұлдама «скоринг» бағдарламасымен берілген, - деді облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов.
Жиында аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жұмыстар атқару қажеттігін айтты.
- Еліміздегі пандемияға қарамастан аймақтағы кәсіпкерлік субъектілеріне бірқатар әлеуметтік жеңілдіктер арқылы қолдау көрсетіліп келеді. Қазіргі жағдай бойынша, тіркелген шағын және орта кәсіп субъектілерінің саны 7,7 пайызға ұлғайды. Тұрақты жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлердің саны 7,5 пайызға өсті. 2021 жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында шағын және орта бизнесті қаржылай қолдау үшін бюджеттен 8,1 млрд. теңге бөлінді. Бірақ соған қарамастан әлі де болса әкімшілік кедергілердің бары рас. Сондықтан облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеке кәсіпкерлік субъектілерін қолдау шараларын қамтамасыз етілсін, оларды дамыту жөніндегі жұмыстарды жалғастырсын. Кәсіпкерлікті қолдау және қорғау үшін әкімшілік кедергілерді азайту бойынша мемлекеттік органдардың функцияларына мониторинг жүргізсін, - деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Мұнан соң күн тәртібіндегі екінші мәселе құрылыс қызметі саласында сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бердияр Пірімбетов пен облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Тілеумбетов мәлім етті. Басқарма басшылары сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидаларына сәйкес заң бұзушылықты болдырмау, құрылыс саласына бөлінген қаражатты мақсатты әрі тиімді жұмсау, қаржы игеруді жоспарлау және құрылыс нысандарының бекітілген жобаға сәйкес жүргізілуі қатаң бақылауға алынғандығын жеткізді.
Жиын соңында аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бердияр Пірімбетовке жүргізіліп жатқан құрылыс объектілерін қолданыстағы заңнамаларға сәйкес уақытында аяқтау шаралары қабылдауды, құрылыс компанияларын ашық іріктеу және олар жүргізетін жұмыстарға бақылау жүргізуді және мердігер мен тапсырыс беруші өкілдерінің тікелей кездесулерін азайту арқылы, қашықтықтан бақылау жүргізу мүмкіндіктері қарастыруды жүктеді. Ал, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Тілеумбетовке автомобиль жолдарына қатысты анықталған кемшіліктер мерзімінде қалпына келтіруді қамтамасыз етуді және Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп жол құрылысының сапасына қатысты кемшіліктерге жол берген жауапты тұлғалардың жауапкершілігін қарауды тапсырды.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: