Биыл жазғы лагерьлерді жаңаша ұйымдастыру жоспарлануда
Биыл аймақта жеті мемлекеттік және бір жеке балаларды тынығу-сауықтыру лагері жұмыс істеуде. 2022 жылы жазғы лагерьлерді жаңаша ұйымдастыру жоспарлануда. Яғни жұмысын ІТ бағытқа бұрмақшы.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Әбдіқадыр Тұрар мәлімдеді.
-Жазғы демалыс кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтамасыз ету бойынша түрлі бағытта танымдық шаралар өткізілуде. Атап айтсақ, жалпы білім беру ұйымдарының 8-10 сынып оқушылары арасында «Елорда тарихы – ел тарихы» тақырыбында қашықтан облыстық бейнеролик байқауы, ауыл мектептерінің 6-9 сынып оқушылары арасында «Нағыз қазақ - қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра» қашықтан дәстүрлі әндер мен күйлер байқауы өткізілді. Сонымен қатар, 8-10 сынып оқушылары арасында «Табиғатты аяла» тақырыбында онлайн презентация байқауы өтті. Байқау қатысушылары «Біздің ауыл көшелері», «Менің қалам» тақырыптарында туған жердің қадір-қасиетін ұғынып, құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында әзірленген бейнероликтерін ұсынды,-деді Әбдіқадыр Орынбасарұлы.
Биыл «Қамбаш» балаларды сауықтыру орталығында жеті ауысыммен 900-ден астам оқушыны қамту жоспарланған.
- Жазғы маусымда 9 үйірме жұмыс жасайды. Атап айтсақ, «Робототехника», «Вокал», «Шахмат», «Дебат», «Драма», «Киіз басу», «Қолөнер», «Русский медвежонок», «Қылқалам» үйірмелері мен түрлі спорт секциялары. Баланы жақсылыққа, адамгершілікке, ұйымшылдыққа тәрбиелей отырып, олардың жаз мезгіліндегі демалысын, сауықтырылуын тиімді әрі мағыналы өткізуге жағдайлар жасалуда,-деді Қамбаш» балаларды сауықтыру және қосымша білім беру орталығының директоры Рахан Қалиев.