Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен Достық үйінде Қызылорда облыстық ардагерлер ұйымының кезекті VIII конференциясы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, бірқатар басқарма басшылары, делегат мүшелері мен сала ардагерлері, қоғамдық ұйымдардың басшылары және онлайн ZOOM платформасы арқылы қала, аудан әкімдері мен аймақтардан сайланған делегация мүшелері қатысты.
Конференцияда 3 мәселе қаралып, бірқатар ұсыныстар енді. Ең әуелі облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев ұйымның 2016 жылдан бергі атқарған есебін тізбектеп, ардагерлер ұйымын одан әрі дамытуды көздейтін негізгі міндеттерді саралап өтті. Ал, тексеру комиссиясының мүшесі Серік Сыздықов ұйым шеңберінде атқарылған жұмыстардың есебін берді.
Жиын барысында облыстық ардагерлер ұйымы мен тексеру комиссиясының мүшелері және Республикалық VIII съезіне қатысатын делегаттар сайланды.
Алқалы жиында ардагерлер тарапынан Мемлекет басшысының жаңа Жолдауында көзделген басым бағыттарға қолдау білдіру, ортақ іске бірігу сынды пікірлер қозғалды. Сонымен бірге Ардагерлер ұйымына біріккен жанашыр азаматтардың ұлтты ұйыстыру ісінде ерекше рөл атқаратыны жан-жақты айтылды. Еңбек ардагері Шахизат Төребаев, Қазалы ауданының еңбек ардагері Құбыл Ршымбетов, облыстық ардагерлер кеңесінің Алқа мүшесі Нажмаддин Мұсабаев пен Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің Алқа мүшесі Айжамал Әбдіғамитқызы жарыссөзге шығып, ашық пікірлерін білдіріп, келелі ұсыныстарын жеткізді. Сонымен бірге еңбек ардагері Биғали Қаюпов пен ардагер-журналист Ержан Уайс мазмұнды ойларын ортаға салды. Делегация мүшелері тарапынан облыстық ардагерлер кеңесінің есепті кезеңдегі жұмысы лайықты бағаланды.
Басқосуда облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ардагерлер ұйымының қоғамдағы орны мен аймақ дамуы жолындағы елеулі еңбектерін атап өтіп, қажыр-қайратымен өңірді өркендетуге үлес қосып жүрген ардагерлерге Сыр жұртшылығы атынан алғыс білдірді.
- Бүгінгі онлайн конференцияның ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында өтуінің үлкен символикалық мәні бар. Егемендігіміздің бастауында тұрған Елбасы Нұрсұлтан Әбшіұлы Назарбаевпен бірге өздеріңіздей ел ағалары, ардагерлеріміз мемлекетіміздің, Сыр өңірінің аяғынан тұрып, нығаюына зор үлес қосты.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік» негізі атты жаңа Жолдауында 7 мәселеге негізгі басымдық берілгенін білесіздер. Бұл бағыттардың барлығы да өте маңызды. Соның ішінде сапалы білім беру, өңірлік саясатты жетілдіру, саяси жаңғыру және адам құқығын қорғау, ұлтты ұйыстырудағы іргелі істерде ардагерлеріміз, ақсақалдарымыз белсенділік көрсетуі қажет. Сондықтан, мұндай басқосудың өтуі бәріміз үшін де тиімді екені рас, - деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Конференцияда барлық деңгейдегі ардагерлер ұйымдарының алдағы атқаратын жұмыстары мен міндеттері айқындалып, ұсыныстар тыңдалды. Шарада Биғали Қаюповтың ұсынысымен қоғам қайраткері, абыз ақсақал Сейілбек Шаухамановтың ел игілігі жолындағы еңбегіне деген ерекше құрмет білдіру мақсатымен жиынға жиналғандар бір минут үнсіздікпен еске алды.
Конференцияда делегат мүшелеріне облыстық ардагерлер кеңесі төрағасын сайлау мүмкіндігі беріліп, ардагерлер бірауыздан Серік Дүйсенбаевтың кандидатурасын қолдады. Сондай-ақ, облыстық ардагерлер кеңесінің жаңа Алқа құрамы мен тұрақты комиссия мүшелері бекітілді.
Басқосуды қорытындылаған аймақ басшысы қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып, өңірдің дамуына үлес қосқан бірқатар ардагерлерді марапаттап, ілтипат танытты. Қазалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов, ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Күлай Ермағамбетова, еңбек ардагерлері Әбдіғаппар Әмірғалиев пен Нұрлыбай Ұлықпанұлы және Шиелі аудандық әйелдер қоғамының төрайымы Нәйля Палымбет облыс әкімінің Алғысын иеленіп, құрмет төрінен көрінді.
Айта кетейік, өңірде 75 мыңға жуық ардагер ұйымға мүше. Олар 728 бастауыш ардагерлер ұйымына біріккен.